Ыстықкөлде жантүршігерлік жол апаты: 6 адам қаза тауып, 3 адам ауруханаға түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Ыстықкөл облысында ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жантүршігерлік жол апатынан 6 адам қаза тауып, 3 адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Кабар агенттігі жазды.

Ыстықкөлде жантүршігерлік жол апаты: 6 адам қаза тауып, 3 адам ауруханаға түсті
Фото: Canva

Мәліметке сәйкес, апат Балықшы–Ананьево–Қаракөл тасжолында болған. Батыстан шығысқа қарай бағыт алған «Mercedes-Benz E420» автокөлігінің жүргізушісі жолдың сол жағынан бұрылып шыққан «Volkswagen Passat» көлігінен қашпақ болып, қарсы бағытта келе жатқан «Renault Samsung SM6» автокөлігімен соқтығысқан.

Салдарынан «Mercedes-Benz E420» және «Renault Samsung SM6» көліктерінің жүргізушілері оқиға орнында қаза тапқан.

Аталған оқиға Ыстықкөл облыстық ішкі істер басқармасында тіркеліп, тергеу қызметі тарапынан тиісті сараптамалар тағайындалып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі «Кабар» агенттігіне жол апатына барлығы 11 адам ұшырағанын мәлімдеді. Олардың алтауы көз жұмса, екі адам амбулаторлық ем алуға жіберілген. Тағы үш науқас ауруханаға жатқызылған.

– Ауруханада жатқан үш науқастың бірі — 2 жастағы сәби, ол Бішкектегі Ана мен баланы қорғау ұлттық орталығына ауыстырылды. Қалған екі науқас ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Оларға операция жасалған. Екеуі де жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, — деп хабарлады министрлік.

Еске сала кетсек, Астана – Қарағанды – Алматы тас жолында болған жол апатынан үш адам қаза тапқанын жаздық.