Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ит тістеудің соңы келісіммен бітті - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының №2 соты материалдық және моральдық залалды өндіру туралы азаматтық іске нүкте қойды.

Ит тістеудің соңы келісіммен бітті - БҚО

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Оралдағы «Жайық» базары аумағында жауапкер Д-ның иті талапкерді аяғынан тістеп, зақым келтірген. Мұны сот-медициналық сараптама қорытындысы растаған. Жауапкер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыған орай талапкер жауапкерден 9582 теңге материалдық және 300 мың теңге моральдық шығынды өндіруді сұрады.

Сот отырысында тараптарға медиация рәсіміне жүгіну ұсынылды. Ортақ мәмілеге келген жауапкер талапкерге 10 мың теңге материалдық және 40 мың теңге моральдық шығын төлеуге, ал талапкер өз талап-арызынан бас тартуға келісті.

Сот талапкер мен жауапкер арасында жүргізілген сот медиациясы рәсімінің нәтижесі бойынша дауды реттеу туралы келісімді бекітті.

Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде адамдардың жануарлардан зардап шегуі жиілеп кеткен. Мысалы, 2015 жылы осындай 1323 оқиға тіркелсе, соның ішінде 781 адам мысыққа, 512-сі итке, 30-ы кеміргіштерге тістелген. Бұлардың 449-ы - 14 жасқа дейінгі балалар. Биылғы үш айда 321 адамның 205-ін ит, 56-сын мысық тістеп алса, соның 61-і - балалар. Осының ішінде 25 ақпан күні Зеленов ауданы Мичурин ауылында қабаған ит алты жасар қыз баланың құлағын жұлып алған болатын. Оның иесіне де әкімшілік айыппұл салынды. Ит пен мысықтан зардап шегушілер, әсіресе, Орал қаласында көп. Бұған бұралқы иттердің де емін-еркін жүруі себеп болуда.