Италия 1950 жылдан бері болмаған аптап ыстықты бастан өткерді

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың жазы Италияның метеобақылау тарихындағы ең ыстық маусым ретінде тіркелді. Елдегі орташа температура 24,3 °C-қа жетіп, 2003 жылғы рекордты (23,6 °C) артқа тастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Италия пережила самое жаркое лето с 1950 года
Фото: Anadolu

Бұл туралы Италия Ұлттық зерттеу кеңесінің Биоэкономика институты (CNR-IBE) мәлімдеді. Ауа температурасы елдің бүкіл аумағында, соның ішінде таулы өңірлерде де жер бетінен екі метр биіктікте өлшенген.

Тамыз айы ең ыстық ай болып шықты, орташа температура 25,6°C-қа жетті. Бұл – 1951-1980 жылдардағы көрсеткіштен 5,2 °C-қа, ал 1991-2020 жылдардың нормасынан 3,5 °C-қа жоғары.

Сондай-ақ тамыз айының бұған дейінгі рекорды да (2024 жылғы 24,6 °C және 2017 жылғы 24,0 °C) жаңартылды.

Италия тарихында алғаш рет шілде мен тамыз қатарынан ең жылы ай атанды. Ал 2026 жылғы көктемнің орташа температурасы 12,1 °C-қа жетіп, 2024 жылғы рекордтық көрсеткішті қайталады.

CNR-IBE институтының зерттеушісі Лоренцо Арчидиаконың айтуынша, қазіргі көрсеткіштер 2026 жыл Италиядағы 1950 жылдан бергі ең жылы маусым болуы мүмкін екенін аңғартады. Қаңтардан тамызға дейінгі аралықта әр айдың температурасы өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен жоғары болды.

Метеодеректердің жеке талдауы маусым-тамыз айларында Рим, Флоренция және Туринде аптап ыстық бірнеше рет болғанын көрсетті. Бұл қалаларда жоғары температура кемінде алты күн қатарынан сақталған.

Сарапшылардың бағалауынша, биылғы аптап ыстық ЕО экономикасына 180 миллиард еуро шығын әкелуі мүмкін. Бұл көрсеткіш ЕО-ның жалпы ішкі өнімінің шамамен 1%-ына тең және 2026 жылға болжанған экономикалық өсіммен шамалас.

Италиядағы бұл рекорд – биылғы Еуропадағы жалпы ахуалдың бір бөлігі. Ұлттық метеорологиялық қызметтердің мәліметінше, Ұлыбритания, Франция және Бельгия да бақылау тарихында бұрын-соңды болмаған бірнеше аптап ыстықты бастан өткерді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Франциядағы аптап ыстықтан мектептерде сабақ уақытша тоқтатылғанын хабарлаған едік.