Италия Ирактан әскерін толық әкетті
АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Қорғаныс министрлігі ұлттық әскери контингентін Ирак аумағынан шығару толық аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі.
Италияның Қорғаныс министрі Гвидо Крозеттоның хабарлауынша, әскери техника мен қажетті материалдық ресурстарды Ирактан әкетумен айналысқан соңғы әскери қызметшілер де елге оралған.
Осылайша Италия қарулы күштерінің Ирактағы 12 жылға созылған әскери миссиясы аяқталды.
Италиялық әскери қызметшілер «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы жүргізілген халықаралық «Табанды шешім» операциясына, сондай-ақ Ирактағы НАТО-ның кеңес беру миссиясына қатысты.
Әскерді шығару Ирак билігімен келісілген 30 қыркүйектегі мерзімнен бұрын аяқталды. Әскери контингенттің басым бөлігі наурыз айында Ирак Күрдістанындағы базаға жасалған дрон шабуылынан кейін шығарылды.
— Ертеңнен бастап Италияның Ирактағы әскери миссиясы аяқталады. Бұл –Италияның біржақты шешімі емес, Бағдад билігі және серіктес елдермен келісілген жаңа кезеңге жасалған қадам. Енді ел қауіпсіздігіне толық жауапкершілікті Ирактың қауіпсіздік күштері өз мойнына алады, — деді Гвидо Крозетто.
Министр әскери миссияның аяқталуы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тоқтайтынын білдірмейтінін атап өтті. Рим бұдан былай да Бағдадпен кадр даярлау, тәжірибе алмасу және Ирак қарулы күштерінің әлеуетін арттыру бағыттарында өзара іс-қимылды жалғастырмақ.
Сонымен қатар Иракта Еуропа одағының EUAM Iraq консультативтік миссиясы аясында қызмет атқаратын екі италиялық карабинер қалады. Аталған миссия Ирак үкіметінің келісімімен жұмыс істейді.
Ирактағы 12 жылдық қызмет кезеңінде Италияның мыңдаған әскери қызметшісі осы елде міндет атқарды.
Бұған дейін халықаралық коалиция Иракқа барлық базасы мен штабтарын тапсырғанын хабарлаған болатынбыз.