Италияда алты жұрттың тілін білетін қазақтың ғалым қызы тұрады - шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM – Шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуы ұсынамыз.

Райма Әуесханқызы
Фото: janadauir.com

«Өшпейтін мұра: Жібек жолы» көрмесі Ташкентте ашылды - TRT

ташкент
Фото: trt.net.tr

Өзбекстан астанасы Ташкенттегі көркемсурет галереясында «Өшпейтін мұра: Жібек жолы» көрмесі мен панелі басталды. Соған сәйкес Жібек жолын көпжақты зерттеген ғалымдар мен өнер қайраткерлері Ташкент және Коньяда өз жұмыстарын ұсынды. Бұл іс-шараның беташарына Түркияның Өзбекстандағы елшісі Олган Бекар, елдегі шетелдік миссия басшылары және көптеген қонақ қатысты. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елші Бекар Түркістан өлкесінің түріктердің отаны, түрік өркениеті мен мәдениетінің қайнар көзі екенін, түрік аңыздары мен Қорқыт Ата хикаялары пайда болған, «Құтадғу Біліг» пен «Дивану Лұғати'т-түрік» жазылған жер екенін айтқан.

«Өшпейтін мұра: Жібек жолы» жобасының координаторы Мерьем Гүней көрмелер мен паннолардан тұратын жобада Қытай, Қазақстан, Ауғанстан, Пәкістан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Қырғызстан, Иран және Сириядан келген 41 қолөнер шеберінің арнайы дайындаған каллиграфия, миниатюра, мәрмәр, ағаш оюы, керамика және інжу-маржанды өрнек салу, металл ою жұмыстарының бар екенін айтты. Бұл жұмыстармен бірге 41 ғалымның Жібек Жолының тарихы, бағыты, маңызды орталықтары, діндері мен ойлары, ғылым мен өнері, тіл мен әдебиеті, сауда мен сәулетіне байланысты баяндамадан тұратын симпозиум кітабы дайындалғанын мәлімдеді», - деп жазды TRT.

Алты жұрттың тілін білген қазақтың ғалым қызы – «Жаңа дәуір»

қандас
Фото: janadauir.com

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында шығатын «Жаңа дәуір» басылымы кезекті хабардың студиясына Венецияның Ка Фоскариатындағы университеттің түркітану және моңғолтану бөлімі зерттеушісі Райма Әуесханқызын шақырған. Сұхбат барысында филология ғылымына өз үлесін қосып жүрген қазақтың ғалым қыздарының бірі Райма бұл салаға қалай келгені туралы әңгімелеп берген.

Райма Әуесханқызы өзі туып өскен аймақтың халқына танымал, белгілі ұстаздар болған Әуесхан Ағызайұлы және елге еңбегі сіңген қайраткер Қатира Қалиқызының тәрбиесінде болған және сол отбасында өсуі ғылымға келудегі алғашқы себеп екенін айтады. Ол кішкентайынан ата мен апасының үлкен кітапханасындағы кітаптарды оқып өскен. Жас талапкер мектепте қазақ тілі пәнінен Қазақстанда өткен халықаралық олимпиадада гран при жеңіп алып, оқуға Алматы қаласына келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бакалавр, ал магистратурада тіл білімі саласы бойынша оқыған. Кейін ғылыми докторлық дәрежесін 2021 жылы Түркия елінің астанасы Анкара қаласындағы Хажеттепе университетінің Түркітану институтында түркітану саласы бойынша қорғаған.

«Жаңа дәуір» басылымының дерегінше, Райма 6 тіл біледі. Полиглот қандасымыздың айтуынша, ол Баян-Өлгийде қазақ мектебін бітірген. Бастауышты қазақша оқыса, орта сыныптан бастап моңғол тілін үйрене бастаған. Сосын орыс және ағылшын тілдерін де оқуды қолға алған. Мектеп қабырғасында үйреніп бастап, кейіннен жоғары оқу орнына оқуға түскеннен кейін де бұл тілдерді оқуды жалғастырған. Ал, Түркияда докторантураны қорғау үшін түрік тілін академиялық деңгейде оқуға тура келіпті. Сосын Италияға барғаннан кейін сол елдің тілін меңгереді. Қазір университетте ағылшын және италия тілінде жұмыс істейді. Жас ғалым докторлық диссертациясын зерттеу бағытын да тілге тиек еткен.

«2021 жылы докторлық ғылыми еңбегімді Анкара қаласында қорғадым. 2023 жылы докторлық диссертациям монография ретінде Түркия елінде, түрік тілінде басылып шықты. Кітабым Moğolistan’da Yaşayan Kazaklar: Tarihi, Kültürü, Dili ve Dil Durumu, яғни қазақша «Моңғолияда өмір сүретін қазақтар: тарихы, мәдениеті, тілі және тілдік жағдаяты» деп аталды. Мұнда Алтай қазақтары туралы тарихи мәліметтер мен тіліне ғылыми анализ жасалды...», - дейді Райма Әуесханқызы.

Сұхбат соңында жас ғалым «Италия елінен біз үйренетін қандай қасиеттер бар деп ойлайсыз?», «Оқу сапасы қандай?» деген сияқты бірнеше сұраққа жауап берген.

Қазақстан елшісі «Узархив» агенттігінің жұмысымен танысты - ӨзА

өзбек
Фото: uza.uz

«Узархив» агенттігінде Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов бастаған делегация мүшелерімен кездесу өтті. Онда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік және стратегиялық серіктестік қарым-қатынастарды жаңа кезеңге көтеру, архивтер арасындағы ынтымақтастықты маңызды бастамалармен байыту, осы саладағы байланыстарды кеңейту және жан-жақты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды өзбекстандық ӨзА ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, кездесу барысында архивке экскурсия ұйымдастырылып, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, оларды қалпына келтіру және цифрландыру процесстерімен танысу өтті. Сұхбат соңында маңызды келісімдерге қол жеткізілді.

Тяньцзинь музейінде Қазақстанның 185 мәдени жәдігері мен репродукциясы қойылды – «Халық газеті»

Тяньцзинь музейінде «Алтын жауынгер және байтақ сахара - ҚР Ұлттық музейінің коллекциясындағы Қазақстанның тарихи-мәдени жәдігерлері көрмесі» ашылды. Көрмеге Қазақстанның 185 мәдени жәдігері мен репродукциясы қойылды, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

музей
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, көрмеге қойылған 185 мәдени жәдігер мен репродукция Қазақстанның ежелгі дала мәдениеті мен байлығын жан-жақты көрсетті. Әсіресе, ежелгі Тараз қаласы, ежелгі Отырар қаласы және байырғы Сайрам қаласы сияқты Жібек жолының әйгілі қалаларының мәдени жәдігерлерін жұртшылыққа ұсыну арқылы Жібек Жолындағы барыс-келістерді көрсеткен.

Көрмені Тяньцзинь музейі, Қазақстанның ұлттық музейі және Қытайдың Мәдени жәдігерлермен алмасу орталығы бірлесіп жоспарлап өткізіп отыр. Көрме 2025 жылдың 12 ақпанына дейін тегін көрсетіледі.

Сондай-ақ, осы аптада «Халық газеті» басылымы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап, «Соңғы үш жылда Қазақстанның Қытайға астық экспорты 6 есеге артты» деген тақырыптағы ақпаратты жариялаған

Айта кетейік, Қазақстандық астық пен оны қайта өңдеу өнімдері үшін негізгі өткізу нарықтары Орталық Азия, Ауғанстан, Иран және Қытай елдері болып қала береді. Соның ішінде соңғы үш жылда ҚХР-ға астық жүктерінің экспорты 5,7 есеге артып отыр.

Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының дерегі бойынша, жыл басынан бастап астықпен 582 маршруттық пойыз құрылып, жөнелтілді: 551 экспресс-пойыз астық жүктерін Қытайға, Түрікменстанға, Иранға, Ресейге, Өзбекстанға жеткізді. Ел бойынша астық жүктерін маршруттық жөнелтілімдермен тасымалдау үшін 31 құрам ұйымдастырылды. 

 

Иран мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы бір жылдың 5 айында 17 пайыз өсті - Parstoday

Иран Ислам Республикасының Кеден басқармасы (IRICA) Иран мен Қазақстан арасындағы мұнай емес сауда ағымдағы жылдың 20 наурыздан 21 тамызға дейін 17 пайызға өсті деп хабарлады, деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі. 

машина
Фото: parstoday

IRICA есебіне сәйкес, екі ел арасындағы шикізаттық емес сауда 264 416 тонна, 119,357 миллион доллар болды, бұл - бір жыл бұрынғымен салыстырғанда бір пайызға төмен.

Қазақстан биылғы жылдың алғашқы бес айында Иранның Ислам республикасының көршілері арасында 11-ші ірі сауда серіктесі болды.

Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының 70 пайызға жуығы Иранның Қазақстанға экспортына қатысты. Иранға экспортты ұлғайту үшін Қазақстан ет пен ауыл шаруашылығы өнімдерін, мұнай-химия және құрылыс материалдарын жеткізуді арттыруы керек.