Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Италияда мигранттың қазасынан кейін жаппай тәртіпсіздіктер басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Болонья қаласында марокколық мигрант Абдеррахим Факир полиция ұстау кезінде қаза тапты. Осыған байланысты орын алған тәртіпсіздіктер кезінде ондаған полиция қызметкері жарақат алды, деп хабарлайды BBC.

в
Фото: Reuters

42 жастағы Абдеррахим Факир жексенбі күні таңертең көз жұмған. Италия баспасөзінің мәліметінше, оның отбасы елге 30 жылдан астам уақыт бұрын қоныс аударған.

Оқиға алдында Факирдің көршісі полицияға хабарласып, оның өзін агрессивті ұстап, гаражды (кейбір деректерде автокөлікті) тепкілеп жатқанын айтқан. Оқиға орнына келген полицейлер алдымен бұрышты газ, кейін күш қолданған.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода екі полиция қызметкерінің жерде етпетінен жатқан Факирге кісен салуға әрекет жасап жатқаны, ал оның көмек сұрағаны көрінеді. Бірнеше минуттан кейін полицейлердің бірі оның қозғалыссыз жатқанын байқап, есін тексеруге тырысқан.

Болонья қаласының мэрі Маттео Лепоре тұрғындарды марқұмды еске алуға арналған бейбіт митингіге шақырды. Шараға Факирдің жиені Йоссра Факир де қатысты.

– Ол менің ағам еді. Ол жай ғана статистика немесе жаңалықтағы бір жол емес. Оны жақсы көретін адамдар болды. Ол тыңдалуға, көмек алуға және адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне лайық еді, – деді Йоссра Факир.

Шеруге бірнеше мың адам жиналды. Бастапқыда акция бейбіт өткенімен, кейін шамамен жүзге жуық адам полициямен қақтығысқа шықты. Олар тәртіп сақшыларына бөтелке, пиротехникалық заттар мен орындықтар лақтырып, екі автокөлікті өртеп жіберді.

Полиция кәсіподағының мәліметінше, тәртіпсіздіктер кезінде 56 полиция қызметкері зардап шеккен. Кейін прокуратура жараланғандардың саны 64 адамға жеткенін хабарлады.

Болонья мэрі зорлық-зомбылыққа зорлықпен жауап беруге болмайтынын мәлімдеді.

Италия прокуратурасы абайсызда адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем мамандарының әрекеттерінің заңдылығын тексеріп жатыр. Оқиғадан кейін полицейлердің барлығы қызметтік бейнекамераларын тергеушілерге тапсырған.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Абдеррахим Факирдің өлімі жан-жақты әрі бейтарап тергелетінін мәлімдеп, тәртіпсіздік ұйымдастырғандарды қатаң айыптады.

– Бұл оқиғаны қаланы қиратуға, полицияға шабуыл жасауға және зорлық-зомбылықты өршітуге себеп ретінде пайдаланғандар шындықты іздеген жоқ. Олар тек қақтығысты көздеді, – деді Джорджа Мелони.

Айта кетейік, Италияда морокколық азамат көлікпен бір топ адамды соқты, зардап шеккендер бар.