Италияда Везувий ұлттық саябағы өртенді: жалын Неапольден көрініп тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Кампания өңіріндегі Везувий ұлттық саябағында ірі орман өрті басталып, жалынның биіктігі соншалық — оны Неаполь қаласының өзінен де көруге болады. Бұл туралы Euronews хабарлайды.

В Италии горит национальный парк Везувий: огонь виден из Неаполя
Фото: Vigili del Fuoco

Өртпен күресуге 100-ден астам өрт сөндіруші мен еріктілер тартылған. Жағдай өте күрделі күйде қалып отыр. Азаматтық қорғаныс қызметі армияны жолдарды күзетуге, өртке қарсы техникалардың қозғалысын қамтамасыз етуге және су таситын көліктерді жеткізуге жұмылдырды.

Сөндіру жұмыстарына таңсәріден бастап түрлі өңірлерден келген алты өрт сөндіру ұшағы атсалысып жатыр. Сонымен қатар, өңірлік әуе қызметтері де іске қосылған.

Өртпен күресушілер аптап ыстық пен қолайсыз ауа райына қарамастан, түнгі уақытта да жалынды ауыздықтауға тырысты.

Төрт күннен бері жалғасып жатқан өрт Терциньо елді мекеніндегі қарағайлы орманнан басталып, Оттавиано мен Сан-Джузеппе-Везувиано муниципалитеттеріне таралған. Тілсіз жаудың ауқымы соншалық — ол бүкіл Неаполь және маңайынан анық байқалады.

Терциньо қаласының мэрі Франческо Раньери өткен түнді «аса қауіпті» деп сипаттады. Оның айтуынша, құтқарушылардың тынымсыз еңбегінің арқасында тұрғын үйлерді аман алып қалу мүмкін болған, алайда табиғи сұлулығымен танымал кейбір аймақтар толығымен жойылған.

Өрттің шығу себебі күдік тудырып отыр. Терциньо мэрі 2017 жылғы ұқсас оқиғаларды еске салып, бұл жолы да өрттің қасақана ұйымдастырылған болуы мүмкін екенін айтты.

Қазіргі таңда от Терциньо маңындағы қарағайлы орманнан Тироне-Альто-Везувио қорығына қарай жылжып барады. Бұл жағдай құтқару қызметтерін ерекше алаңдатып жатыр. Саябақ әкімшілігінің мәліметінше, зардап шеккен аумақ көлемі шамамен 200 гектарды құрайды.

Кампания өңіріндегі орман өрттері — ауқымды проблема. Өңірлік азаматтық қорғаныс қызметі бір мезгілде Салерно провинциясындағы Меркато-Сан-Северино мен Беневенто провинциясындағы Фрассо-Телезино елді мекендерінде де өрт сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұма күні Кампания өңірінде 50-ден астам өрт тіркеліп, аймақтағы жағдайдың күрделілігін көрсетті.

Осыдан бұрын Каталониядағы аш құрсақ ешкілер Испаниядағы орман өртімен күресуге көмектесе бастағаны мәлім болды.

Соңғы жаңалықтар