Италиядан Польшаға бара жатқан жолда 12 тонна KitKat батончигі ұрланды
АСТАНА. KAZINFORM — Швейцариялық Nestlé компаниясы Италиядан Польшаға жөнелтілген KitKat шоколадты батончиктерінің ірі партиясы ұрланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Associated Press.
Компанияның мәліметінше, шамамен 12 тонна өнім, яғни 413 793 дана батончик ұрланған.
Жүк өндірістік алаңнан жөнелтілгеннен кейін көп ұзамай жоғалып кеткен және әлі күнге дейін табылған жоқ. Компания тауар тиелген жүк көлігінің қайда екенін әлі анықтамады.
Бұл партия Еуропа нарығына жөнелтілген еді. Nestlé компаниясы ұрланған өнім Еуропадағы бейресми сату орындарына шығуы мүмкін екенін айтты.
Сонымен қатар, барлық өнім бірегей партия кодтарымен белгіленген, бұл әрбір батончиктің шығу тегін қадағалауға мүмкіндік береді. Тұтынушылар, бөлшек саудагерлер және көтерме сатып алушылар қаптамадағы нөмір арқылы тауарды тексере алады: сәйкестік анықталған жағдайда жүйе компанияға хабарлау бойынша нұсқаулық береді.
Компания жүк ұрлығы бизнес үшін жиі кездесетін мәселеге айналып келе жатқанын, ал қылмыскерлер қолданатын схемалар барған сайын күрделене түскенін атап өтті. Оқиға туралы ақпаратты жариялау, өндірушінің пікірінше, мұндай қылмыстардың өсіп келе жатқан деңгейі туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған.
Еске салайық, 2025 жылы Dubai Duty Free дүкендерінде 719 тонна дубай шоколады сатылған.