Италиялық танымал басылым мерейтойлық шығарылымын Қазақстанға арнады

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропаның көне медиа ресурстарының бірі «Corriere della Sera» құрамына кіретін италиялық «Cook» басылымы мерейтойлық 80 шығарылымын Қазақстанға арнады. 

Италиялық танымал басылым мерейтойлық шығарылымын Қазақстанға арнады
Фото: Видеодан алынған скрин

Еліміз шетелдік аудиторияға Орталық Азияның тартымды гастрономиялық бағыты ретінде таныстырылып, заманауи қазақ асханасының «Neo Nomad» тұжырымдамасы паш етілді.

Арнайы жоба аясында редакция туристік локациялар мен ұлттық асхананың ерекшеліктерін зерделеді. Шығармашылық топ 50 Best Discovery тәрізді беделді халықаралық рейтингтерге енген бірқатар қазақстандық мейрамханаларды және негізгі гастрономиялық орындарды аралады: Qazaq Gourmet, Auyl, Gruppo 63, Jinau, Sandyq және Tary. Материалдың бір бөлігі Қазақстандағы шарап жасау саласының дамуына арналған.

Италиялық танымал басылым мерейтойлық шығарылымын Қазақстанға арнады
Фото: Видеодан алынған скрин

«Бұл үлкен мемлекеттегі табиғат пен мәдениеттің қайталанбас үйлесімі қызығушылық тудырады. Швейцария пейзажына ұқсас - Қайыңды көлі. Оның айдынына батқан шыршалар судан көтеріліп, аударылған орман көрінісін жасайды. Аризонаны ойға салатын каньондар: Шарын каньоны туралы айтпау мүмкін емес. Бұл америкалық каньоннан кейінгі әлемдегі ең үлкендерінің бірі. Одан әрі тұзды шөлдер (Маңғыстау, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан) және әлемдегі ең кең құрғақ дала жалғасады. Алайда ол ешқашан бірдей болмайды: бұл жазықтар мен үстірттердің әртүрлі өсімдіктер мен реңктермен ауысуы», - деп атап өтеді басылым.

Италиялық оқырмандар Қазақстан туралы көбірек біліп, ұлттық асхананың дәмін сезінуге де мүмкіндік алды. Материалдар қазақ гастрономиясының тереңдігін, бірегейлігін және байлығын ашады. Журнал беттерінде және Corriere della Sera ресми сайтында сарапшы Әйгерім Мұсағажинова бауырсақ, құрт, бүйрек және дәстүрлі сүр ет тағамдарын дайындау әдісімен бөліседі.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан туризмі төрт бағытта дамитыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар