Италияның 27 қаласында аптап ыстыққа байланысты «қызыл» деңгей жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Италияда күшейген аптап ыстыққа байланысты елдің барлық 27 ірі қаласында ең жоғары – «қызыл» метеорологиялық қауіп деңгейі жарияланды, деп хабарлайды ANSA агенттігі.
Италия Денсаулық сақтау министрлігінің бюллетеніне сәйкес, бұған дейін ең жоғары қауіп деңгейі енгізілген 25 қалаға тағы екі қала қосылды. Осылайша қазіргі таңда елдің барлық ірі қаласы «қызыл» аймаққа енді.
Синоптиктердің болжамынша, кейбір өңірлерде ауа температурасы 40 градусқа дейін жетеді. Аптап ыстықтың толқыны кемінде тағы бір аптаға созылады деп күтіліп отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі «қызыл» деңгей ұзаққа созылған аптап ыстықтың бүкіл халықтың денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін білдіретінін мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл ескерту тек қарттар, балалар мен созылмалы ауруы бар адамдарға ғана емес, дені сау азаматтарға да қатысты.
Италияда биыл аптап ыстықтың төртінші толқыны тіркеліп отыр. Бұған дейінгі қатты ыстық кезеңдерінде елде жоғары температура салдарынан адам өлімі тіркелген.
Сарапшылардың айтуынша, жоғары температура күнделікті өмірге де кері әсерін тигізіп, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп, өңірлердегі өрт қаупін күшейтіп отыр.
Айта кетейік, жуырда Сеулде аптап ыстыққа байланысты алғаш рет ең жоғары қауіп деңгейі жарияланды.
Ал Ұлыбританиядағы қуаңшылық өнім көлемін азайтып, бағаның өсуіне әкелді.