Итбалықтардың қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғалуы керек – тәуелсіз эколог

АҚТАУ. KAZINFORM – Каспий жағасында қырылған итбалықтар саны 2 мыңға жетті. Осы орайда, Үкімет арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізіп, кінәлілерге шығынды өтетуі керек. ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов осылай дейді.

Әділбек Қозыбақов
Фото: Ә. Қозыбақовтың Facebook парақшасынан

Спикер мәселенің экологиялық қана емес, экономикалық зардабына да тоқталды.

«Бір итбалықтың кұны – 193 АЕК (АШМ-нің 2017 жылғы бұйрығы бойынша) немесе 712 556 теңге. Енді соны 2 мыңға көбейтсек - 1 425 112 000 теңге. Ал қазіргі жағдайда итбалық Қызыл кітапқа енгізілген. 2000 итбалық қырылды. Бұл - үлкен бір резонансты оқиға, трагедия деп айтуға болады. Демек, қылмыстық іс қозғалуы керек. Бұл қылмыстық іс болғаннан кейін жазасын да қатты күшейту керек деп ойлаймын. Үкімет арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, келтірілген шығынды өтетіп, жазалау керек деп ойлаймын», - дейді Әділбек Қозыбақов.

Сондай-ақ ол тергеу-тексеру жұмыстарына тәуелсіз сарапшыларды тарту қажет деп есептейді.

«Болашақта осындай жағдайлар қайталанбауы үшін барлық мониторингке міндетті түрде тәуелсіз сарапшыларды тарту керек. Егер тәуелсіз сарапшылар тартылатын болса, онда ашықтық қамтамасыз етілетін еді. Қандайда бір заң бұзушылық анықталса немесе мониторинг дұрыс жүргізілмейтін болса, тәуелсіз сарапшылар сол кезде айтып, түзетіп, бақылап жүретін еді. Ал қазіргі таңда, өкінішке қарай, сарапшылар тартылмағаннан кейін, қазақша айтқанда әркім ойына келгенін істеп жүр деп айтуға болады», - дейді Әділбек Қозыбақов.

Еске салайық, 24 қазан мен 18 қараша аралығында Каспий теңізінің жағалауынан 1 989 итбалықтың өлексесі табылды.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Каспий теңізінде қырылған итбалықтарды зерттеуге қатысты алдын ала мәліметті жариялаған болатын.

                                                                                                                                                                                                                                           Арайлым Қалдарбек

Соңғы жаңалықтар