Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ИЫҰ саммиті: Мьянма мұсылмандары мәселесінің қорытынды есебі қабылданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде Мьянмадағы рохинджа мұсылмандары мәселесі бойынша қорытынды есеп қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ИЫҰ саммиті: Мьянма мұсылмандары мәселесінің қорытынды есебі қабылданды

«Түрік тарапының бастамасымен осы тақырыпта Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар саммиті шеңберінде Мьянмадағы рохинджа мұсылмандары мәселесі бойынша мемлекет және үкімет басшылары отырысы төрағасының қорытынды есебі әзірленді. Қарсылық болмаса, осы есепті қабылдаймыз», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Аталған отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Мьянма Үкіметін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мониторингтік миссиясын қабылдауға шақырды. Осы орайда бұл миссия анықталған фактілерге қатысты тыңғылықты әрі тәуелсіз тексеру жүргізуі тиіс.

Сонымен қатар есепте Мьянмадағы Рохинджа мұсылмандарына азаматтық берудегі проблемаларды тез арада шешу үшін осы елдің билігіне қажетті қадамдарды бастауға шақыратын үндеу жасалған. Бұл тұрғыда өз үйлерін тастап кеткен босқындарды үйлеріне қайтаруға қатысты тиісті шараларды қабылдау ескерілген.

Мұнымен қоса, отырысқа қатысушылар Мьянма Үкіметін елде бейбітшілік пен келісімді қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға, Ракхайн штатында гуманитарлық ахуалды ушықтырмау бағытында нақты қадамдарды іске асыруға шақырды. 

Сонымен қатар Елбасы бүгінгі Саммиті қорытындылай келе, елордадағы Тәуелсіздік сарайына жиналған мәртебелі меймандарды кешқұрым өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің салтанатты түрде жабылуы рәсіміне шақырды.

Өз кезегінде Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Саммит барысында қаралған мәселелер құжат жүзінде ескерілгеніне алғысын айта келе, осы ауқымды жиынды ұйымдастырушы Қазақстанға ризашылығын білдірді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президенті Саммит барысында Мьянмадағы зорлық-зомбылықты тоқтатып, диалогты БҰҰ аясында жалғастыру керек екенін мәлім еткен болатын .

Одан бөлек Түркия басшысы барша мұсылмандарды Мьянмадағы шиеленісті шешуге шақырған еді.  

Ислам ынтымақтастығы ұйымы - 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман мемлекеттері басшыларының   Рабатта өткен конференциясында негізі қаланған ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. Қазіргі уақытта ол жалпы саны шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр. ИЫҰ-ның негізгі қағидаттары мыналар: толық теңдік; әр халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына деген құрмет; ішкі істеріне араласпау; мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу; ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді келіссөз, араағайындық немесе арбитраж арқылы бейбіт жолмен шешу; ұйымға мүше мемлекеттер аумақтарының тұтастығына, сонымен бірге саяси тәуелсіздігіне де қарсы күш қолданбау немесе қоқан-лоққы көрсетпеу. Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды.