Іздеуде жүрген көліктерді сатумен айналысқан депутаттың қылмыстық әрекеті әшкереленді

АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ -  Қаржы полициясы құрамында лауазымды тұлғалар болған ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекетін әшкереледі.

Іздеуде жүрген көліктерді сатумен айналысқан депутаттың қылмыстық әрекеті әшкереленді

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, аталған қылмыстық топтың құрамында Шығыс-Қазақстан облысы «Ауыл» кедендік бекетінің 2 қызметкері, «ТрансГруппСемей» ЖШС-ы және «Суханов и К» брокерлік компаниясының қызметкерлері болған. Топты маслихаттың бұрынғы депутаты басқарған. Олар Ресей Федерациясының аумағында іздеу жарияланған автокөліктерді контрабандалық жолмен әкеліп, Қазақстан жерінде сатқан.

«Сондай-ақ тергеу барысында қылмыстық топ ұйымдастырушысының ұзақ уақыт бойы Қытай Халық Республикасынан тауарларды контрабандалық жолмен Қазақстан арқылы Ресей Федерациясына шығарумен айналысқандығы анықталды», - дейді М.Жұманбай.