Израиль армиясы ДДҰ конвойына оқ жаудырды
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль қорғаныс күштерінің екі танкі Газа секторында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басқарған конвойға шабуыл жасады. Бұл туралы ДДҰ басшысы Тедрос Аданом Гебреисус әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, оқиға 14 қыркүйекте ДДҰ конвойы Газа секторының солтүстігіндегі миссиядан қайтып келе жатқанда болған. Көліктер рұқсат алғаннан кейін бақылау-өткізу пунктінен өткенде Израиль танктеріне тап болған.
– Колонна маңында танктер оқ жаудырды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл қабылдай алмайтын жағдай, – деп жазды Гебреисус.
Қоса кетейік, ДДҰ Газадағы ең үлкен аурухана қорымға айналғанын айтқан болатын.
Сондай-ақ Израильдің Газа секторындағы мектепке жасаған соққысынан 18 адам, оның ішінде 6 БҰҰ қызметкері қаза тапқанын жаздық.