Израиль армиясы Газаны толықтай басып алу жоспарын бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль Қарулы күштері Бас штабының бастығы Эяль Замир Газа қаласын басып алуға бағытталған шабуыл жоспарының «негізгі шеңберін» бекітті, деп жазады Анадолы.

Израиль армиясы Газаны толықтай басып алу жоспарын бекітті
Фото: Анадолы

Бұл туралы Израиль армиясының ресми хабарламасында айтылды.

13 тамыз күні таңертең Израиль Қарулы күштері Бас штабының бастығы ішкі қауіпсіздік қызметі Шин-Бет өкілдерімен кездесіп, Газа қаласына жасалатын оккупациялық операция жоспарын талқылаған. Сол кездесуде жоспар мақұлданғаны хабарланды.

Кездесу барысында Израиль армиясының қазіргі операциялары мен Газаның оңтүстік-шығысындағы Зейтун ауданында жүргізілген шабуылдар да сөз болды.

— Газа секторындағы келесі кезеңдердің негізгі концепциясы саяси басшылықтың нұсқауларына сәйкес ұсынылып, бекітілді, — делінген мәлімдемеде.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 7 тамызда Израильдің Қауіпсіздік министрлер кабинеті отырысында Бас штаб бастығы Эяль Замир Газа секторын оккупациялау жоспарына қарсы пікір білдіріп, бірқатар министрлермен қатты дауласқан.

8 тамызда Израильдің Қауіпсіздік кабинеті Палестина эксклавының солтүстігінде орналасқан Газа қаласын оккупациялау жоспарын ресми түрде мақұлдады.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Fox News арнасына берген сұхбатында Газа секторын толықтай басып алу ниетін ашық мәлімдеген.

Осыған дейін халықаралық қауымдастық Израильді Газа секторын басып алуды дереу тоқтатуға шақырғанын жазғанбыз.