Израиль Батыс жағалауда палестиналықтардың 26 ғимаратын сүруге кірісті
АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің Қаржы министрі, әсіре оңшыл саясаткер Бецалель Смотрич оккупацияланған Батыс жағалаудың солтүстігіндегі Дженин қаласында палестиналықтарға тиесілі 26 ғимаратты бұзу жұмыстары басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолу.
Смотрич бұл ғимараттарды «заңсыз» деп атап, әлеуметтік желіде оларды бұзу жұмыстарының суреттерін жариялады.
Ол америкалық X компаниясына тиесілі әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде жұмыстар 2005 жылы эвакуацияланған «Ганим» және «Кадим» қоныстарын қалпына келтіруге дайындық аясында таңертең басталғанын хабарлады.
Бұған дейін Израильдің Қауіпсіздік кабинеті Смотрич пен Қорғаныс министрі Исраэль Кац ұсынған басып алынған Палестина аумақтарында 19 жаңа қоныс құру жоспарын мақұлдаған.
Жоспар Батыс жағалауда 11 жаңа қоныс салуды, «Ганим» мен «Кадимді» қалпына келтіруді, сондай-ақ Израиль заңнамасы бойынша заңсыз саналатын алты қонысты заңдастыруды көздейді.
Батыс жағалауда 365 израильдік қоныс бар
Израильдің Peace Now құқық қорғау ұйымының 2024 жылғы мәліметінше, Шығыс Иерусалимді есептемегенде, оккупацияланған Батыс жағалауда шамамен 3 млн палестиналық және 500 мыңнан астам израильдік тұрады.
Израиль үкіметі 11 желтоқсанда мақұлдаған 19 қоныстан бөлек, басып алынған Палестина аумақтарында 141 израильдік қоныс және әсіре оңшыл еврей топтары құрған 224 форпост орналасқан. Соңғылары Израиль заңнамасы бойынша да заңсыз саналады.
Осылайша, оккупацияланған Батыс жағалаудағы израильдік қоныстар мен форпосттардың жалпы саны 365-ке жетеді.
Израиль үкіметі әсіре оңшыл еврей топтары құрған және ел заңнамасы бойынша заңсыз саналатын қоныстарды біржақты түрде заңдастыру туралы бұған дейін де бірнеше рет шешім қабылдаған.
Халықаралық құқық бойынша Израильдің оккупацияланған аумақтарда қоныстар салуы және ол жерлерге өз азаматтарын көшіруі заңсыз саналады.
Айта кетейік, бұған дейін Газада қираған ғимарат астынан екі әулеттің 99 мүшесінің мәйіті шығарылған еді.