Израиль бітімге қарамастан Ливанның оңтүстігіне әуе соққыларын жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль армиясы қолданыстағы бітім режиміне қарамастан Ливанның оңтүстігіне кезекті әуе шабуылдарын жасады, деп хабарлайды Anadolu.
Мәліметке сәйкес, ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» инфрақұрылым нысандарына жаппай соққы берген.
Ал NNA агенттігінің хабарлауынша, Израиль әскері Эн-Набатия провинциясындағы бірнеше елді мекенге шабуыл жасаған. Атап айтқанда, Яхмар аш-Шакиф, Кефр-Тебнит, Эрнун, Кевсерийе және Мерванийе елді мекендері әуе соққысына ұшыраған.
Израиль армиясы аталған ауылдарға апаратын кейбір жолдарды да нысанаға алған. Сонымен қатар Бабилийе мен Гассание елді мекендеріне де әуеден соққы жасалған.
Бұдан бөлек, Израильдің ұшқышсыз аппараттары Сур қаласы мен оған жақын орналасқан аудандар үстінде төмен биіктікте ұшқан.
Бұған дейін АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен Ливан арасындағы бітім мерзімі 16 сәуірден кейін ұзартылғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ 14 мамырда Вашингтонда Израиль мен Ливан арасындағы тікелей келіссөздердің үшінші кезеңі өткен.
Келіссөздер барысында тараптар атысты тоқтату режимін, Ливанның оңтүстігіндегі жағдайды және «Хезболланы» қарусыздандыру мәселесін талқылаған.
Айта кетейік, келіссөздер бітім режимінің мерзімі аяқталуға жақын қалған және Ливанның оңтүстігінде әскери іс-қимылдар жалғасқан жағдайда өтті.