Израиль Газа секторында бейбіт тұрғындарға шабуылды күшейтті
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері Газа секторының барлық аумағында палестиналық бейбіт тұрғындарға қарсы шабуылдарын күшейтіп, азаматтық халық пен инфрақұрылым нысандарына жүйелі түрде соққы жасап жатыр. Бұл туралы Палестина құқық қорғау орталығы (PCHR) мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu.
Ұйымның сайтында жарияланған мәлімдемеде Израиль әскері тұрғын үйлерге, қоныс аударған палестиналықтар тұратын шатырларға, уақытша орналастыру орталықтарына, бейбіт тұрғындар көп жиналатын орындарға және азаматтық көліктерге шабуылдарын жалғастырып жатқаны айтылған.
PCHR мәліметінше, бұл шабуылдар Газа секторындағы қалыпты өмір сүру жағдайларын жоюға бағытталған ауқымды саясаттың бір бөлігі болып саналады. Ұйымның бағалауынша, бұл саясат жаппай адам өлтіру, кең көлемді қирату, ашаршылық қаупін күшейту және халықты мәжбүрлі түрде көшіру арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Мәлімдемеде сондай-ақ PCHR қызметкерлері соңғы күндері Газа секторының түрлі аудандарында тіркеген көптеген шабуыл туралы деректер келтірілген.
Ұйымның мәліметіне сәйкес, 30 шілдеде Хан-Юнистегі Әл-Маваси ауданында қоныс аударған тұрғындар орналасқан шатырға жасалған соққы салдарынан сегіз жастағы Ратиль Махмуд Муса Абдалла мен оның ағасы Абдалла Насер Абдельфаттах әл-Белави қаза тапқан. Тағы үш бала ауыр жарақат алған.
Газа қаласының Рималь ауданында бейбіт тұрғындар жиналған жерге жасалған шабуылдан 28 жастағы Ахмед Муин Мұхаммед әл-Анкар қаза тауып, көптеген адам жараланған.
Ұйымның хабарлауынша, Дейр әл-Балах пен Газа қаласының кейбір аудандары бойынша эвакуация туралы ескерту жарияланғаннан кейін тұрғын үйлер мен мешітке соққы жасалған. Соның салдарынан көптеген ғимарат пен азаматтық инфрақұрылым нысаны бүлінген.
Сонымен қатар Газа қаласындағы пәтерге, Нусейрат босқындар лагеріндегі, Дейр әл-Балахтағы, Джабалиядағы және Хан-Юнистегі бейбіт тұрғындар орналасқан жерлерге жасалған шабуылдардан қаза тапқандар мен жараланғандар тіркелген.
PCHR Израиль әскерінің тұрғын аудандарға, үйлерге, уақытша орналастыру орталықтарына және азаматтық көліктерге жасаған шабуылдары бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар санын көбейтуге бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігі екенін мәлімдеді.
Ұйым халықаралық қауымдастықты Газа секторындағы жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылдауға, бейбіт тұрғындарды қорғауды қамтамасыз етуге, жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуға және БҰҰ Халықаралық соты мен Халықаралық қылмыстық сотының шешімдерінің орындалуына қол жеткізуге шақырды.
Айта кетейік, Израильдің Газа секторына жасаған кезекті соққыларынан 7 палестиналық қаза тапқанын жаздық.