Израиль ХҚС-тан Нетаньяхуды тұтқындау туралы ордердің күшін жоюды сұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль Халықаралық қылмыстық соттан (ХҚС) прокурор Карим Ханды Израильге қатысты іс жүргізуден шеттетуді және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды тұтқындау туралы ордердің күшін жоюды сұрады, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
- Израиль ХҚС Апелляциялық палатасына прокурор Карим Ханды Израильге қатысты іс жүргізуге қатысудан шеттету туралы өтініш берді. Бұдан басқа, Израиль соттан прокурордың премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантқа қарсы негізсіз тұтқындау ордерлерінің күшін жоюды сұрап отыр, - делінген мәлімдемеде.
СІМ өтініште Израильдің тұтқындау ордерлерінің жарамсыздығына қатысты басқа да талаптары (Нетаньяху мен Галанттың тұтқындалуына қатысты), соның ішінде ХҚС юрисдикциясының жоқтығына байланысты қарастырылмайтынын қосып өтті.
Сыртқы саяси ведомство өтініш прокурордың жеке өзіне байланысты себептерді алға тартып Израильге қарсы жалған және негізсіз айыптаулар тақты деген ақпаратқа байланысты берілгенін атап өтті.
- Бұл әрекеттер қоғамның назарын бағынышты қызметкерге қатысты жыныстық қудалау туралы ауыр айыптаулардан басқа жаққа аударуға бағытталған. Осыған байланысты прокурор премьер-министр мен бұрынғы қорғаныс министріне негізсіз және шектен шыққан тұтқындау ордерлерін шығарды, - деп түсіндірді Израиль СІМ.
Еске сала кетсек, Халықаралық қылмыстық сот өткен жылдың қараша айында палестиналық ХАМАС қозғалысы әскери қанатының қолбасшысы Мұхаммед ад-Дейфті қамауға алуды талап етті. Ол сондай-ақ Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Йоав Галантты қамауға алуға ордер берді.