Израиль ХАМАС капитуляциядан бас тартса, Газа қаласын жойып жібереміз деп қорқытты

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль билігі Газа қаласына ықтимал шабуылды тоқтатудың қатаң шарттарының орындалуымен байланысты екенін айтып, ХАМАС қозғалысына қысымды күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Израиль пригрозил разрушением города Газа в случае отказа ХАМАС от капитуляции
Фото: x.com / @Israel_katz

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац жұма күні Газа қаласы бұрынғы шайқастарда қираған Рафах пен Бейт-Ханун сияқты тағдырға ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді. 

Х әлеуметтік желісіндегі жазбасында Катц егер ХАМАС «Израильдің соғысты тоқтату, ең алдымен барлық кепілге алынғандарды босату және оларды қарусыздандыру шарттарына» келіспесе, «тозақтың есіктері жақын арада ашылады» деп қорқытты.

Оның сөздері премьер-министр Беньямин Нетаньяху армияның қалаға бақылау орнату жоспарын мақұлдағанын бір күн бұрын жариялағаннан кейін айтылды. 

Нетаньяху өз үндеуінде Израильдің «шешуші жеңістің табалдырығында» тұрғанын айтты.

Премьердің айтуынша, ол әскери операцияға дайындық кезінде барлық кепілге алынғандарды босату және соғысты «Израильге қолайлы шарттармен» тоқтату туралы келіссөзді бастауға бұйрық берген.

Алайда оның кеңсесі Дохаға немесе Каирге делегация жіберу мәселесі әлі шешілмегенін және келіссөзді бастау үшін нақты қадамдар жасалмағанын түсіндірді, деп хабарлайды The Times of Israel.

Осы арада Израиль қорғаныс күштері шабуылға дайындық басталғанын растады. ЦАХАЛ Бас штабының басшысы Эйяль Замир бөлімшелер қазірдің өзінде қаланың шетінде жұмыс істеп жатқанын және жақын арада оларға қосымша күштер қосылатынын хабарлады.

Оның атап өтуінше, ауқымды шабуыл операцияларын жүргізу мүмкіндігінен айырылған ХАМАС «партизандық ұйымға» айналған, бірақ армия операцияны аяқтауға ниетті.

Израиль әскерилері Газа секторының солтүстік бөлігіндегі медициналық мекемелер мен халықаралық ұйымдарды тұрғындарды оңтүстікке эвакуациялау қажеттілігі туралы алдын ала хабарлай бастады.

Олардың мәліметінше, қазірдің өзінде ауруханалар инфрақұрылымын кеңейту, оңтүстік аудандарды науқастар мен жаралыларды қабылдауға арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету шаралары қолға алынып жатыр.

Бұған дейін Израиль министрлер кабинеті соғысты тоқтатудың шарттарын атаған болатын: барлық кепілге алынғандарды бір мезгілде босату, ХАМАС-ты толық қарусыздандыру, Газа секторын демилитаризациялау, Израильдің қауіпсіздікті бақылауды сақтауы және бақылауды ХАМАС немесе Палестина ұлттық билігімен байланысы жоқ құрылымға тапсыру.

ХАМАС өз тарапынан Палестина мемлекетін құралмаса қаруды тастамайтынын және соғысты тоқтатып, палестиналық тұтқындарды босатуды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды талап етіп отыр.

Өз тарапынан Газада тұтқынға алынған израильдіктердің отбасылары операцияның кеңеюі олардың жақындарына өлім қаупі төніп тұрғанын алға тартады. Израильдің оппозициялық саясаткерлері мен сыншылар Нетаньяхуды де-факто қатаң шарттары соғысты шексіз ұзартып отырғанын және билікті сақтап қалу үшін қатал шарттарды қолданды деп айыптауда.

Еске сала кетсек, Израиль Батыс жағалаудағы даулы E1 құрылысының жобасын мақұлдады.

 

Соңғы жаңалықтар