ХАМАС қаза тапқан тұтқындардың мәйітін қайтармайынша, Израиль Рафах өткелін ашпайды

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім туралы келісім күрделі сынаққа тап болды: тараптар өз міндеттемелерін әртүрлі түсіндіреді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль ХАМАС қаза тапқан тұтқындардың мәйіттерін қайтармайынша Рафах өткелін ашпайды
Фото: x.com / @QudsNen

Израиль Газа секторындағы Рафах шекаралық өткелін жабық күйінде қалдырып, гуманитарлық көмектің жеткізілуін қысқартты. Бұл шешім ХАМАС қозғалысынан қаза тапқан тұтқындардың барлық мәйітін қайтаруды талап ету аясында қабылданған. Бұл жөнінде The Times of Israel басылымы хабарлады.

Аталған шешім сейсенбі күні Израильдің Қорғаныс министрлігінде өткен жиналыс пен әскери-саяси кабинеттің консультацияларынан кейін қабылданды. Израиль тарапының мәліметінше, ХАМАС бітім шарттарын бұзған, себебі Газа секторында ұсталған 28 қаза тапқан тұтқынның тек төртеуінің ғана мәйітін қайтарған. Израиль әскері ХАМАС тарапынан келісімдер аясында нақты әрекет байқалмай отыр деп есептейді. Бұл келісімдер АҚШ, Египет, Катар және Түркияның арағайындығымен жасалған болатын.

Рафах өткелі — Газа мен Египет арасындағы шекарадағы басты гуманитарлық дәліз. Израиль оның жұмысын іс жүзінде бақылауда ұстап отыр: өткелдің ашылу тәртібі мен жүк қозғалысын сол жақ шешеді.

13 қазан күні ХАМАС Израильге төрт тұтқынның мәйітін тапсырды: 26 жастағы Гай Иллоуз, 23 жастағы Непал азаматы Бипин Джоши және аты-жөні жарияланбаған тағы екі адам. Сонымен қатар, қозғалыс 20 тұтқынды тірідей босатты. Алайда тағы 24 адамның мәйіті Газа секторында қалып отыр.

Израиль үкіметінің шешіміне сәйкес, Рафах өткелі бітім шартына қарамастан ашылмайды. Сонымен бірге, басқа өткелдер арқылы гуманитарлық жүктің келуі де шектеледі.

— ХАМАС-қа қысым көрсетіле береді әрі барлық тұтқындар қайтарылмайынша райымыздан қайтпаймыз, — деді Израиль үкіметінің тұтқындар және жоғалғандар мәселесі жөніндегі үйлестірушісі Гал Хирш.

Хирштің айтуынша, бұл мәселе дүйсенбі күні Израиль премьер-министрі мен АҚШ президенті Дональд Трамптың келіссөздерінде көтерілген. Сондай-ақ бұл тақырып Шарм-эш-Шейхтегі конференцияда Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сисидің сөзінде де айтылған.

Осы уақытта Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) өкілі Кристиан Кардон мәйіттерді қайтару — «ауқымды міндет» екенін айтып, бұл үдеріс қиратылған және жету қиын аудандардағы іздеуге байланысты бірнеше аптаға созылуы мүмкін екенін жеткізді.

БҰҰ мен Қызыл Крест өкілдері Газа секторына барлық өткелдерді ашуға шақырып отыр. Олар шектеулердің гуманитарлық дағдарысты ушықтырып жатқанын алға тартты.

Палестина босқындары жөніндегі БҰҰ агенттігі (UNRWA) азық-түлік, дәрі-дәрмек және алғашқы қажеттіліктегі тауарлар тиелген гуманитарлық жүк керуендерінің Газаға кіре алмай тұрғанын мәлімдеді.

— Бізде бүкіл халыққа үш айға жететін қор бар, бірақ жеткізуге рұқсат берілмей отыр, — делінген агенттік мәлімдемесінде.

Мысыр мен Катар өкілдері мәйіттерді іздеу жұмысын жалғастыра береді. Al-Araby басылымының хабарлауынша, мысырлық мамандар Газа секторында жүр әрі бұл бағытта израильдік әріптестерімен кеңесіп жатыр.

2023 жылғы 7 қазаннан кейін құрылған, Газа секторында ұрланған және ұсталған азаматтардың туыстарын біріктіретін «Тұтқындар мен жоғалғандар отбасы форумы» Израиль үкіметін қаза тапқандардың тағдырына жауапкершіліктен жалтаруға тырысты деп айыптады.

— Келісім екі тараптан да орындалуы тиіс; оны бұзу дереу жауапқа әкелуі қажет, — делінген ұйымның мәлімдемесінде.

Қаза тапқан тұтқын Тамир Адардың анасы Яэль Адар 12-арнаға берген сұхбатында билік «жақындары қайтарылмаған отбасыларды сатып кетті» деп мәлімдеді.

Бұл уақытта палестиналық дереккөздер Халықаралық Қызыл Крест комитеті сейсенбі күні Израиль түрмелерінде қаза тапқан 45 палестиналықтың мәйітін Газа секторына қайтарғанын хабарлады. Бұл шара да аталған бітім аясында жүзеге асырылған.

Соңғы жаңалықтар