Израиль Иран ғалымының қазасына қатысы бар деп айыпталды

АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат - Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад ирандық ғалым, ядролық физика саласының маманы Масуд Әли Мохаммадидің өліміне қатысы бар деп Израильді айыптады.

Израиль Иран   ғалымының  қазасына    қатысы  бар  деп  айыпталды

«Жасалған қылмыс соларға тән» деп мәлім етті ел президенті бейсенбі күні Ахваз қаласында сөйлеген сөзінде.

«Жаулар Иранда елдің прогресс жолымен жүруіне үлес қосып отырған танымал ғалымдардың жұмыс істегенін қаламай отыр. Бірақ біздің қастарымыз, қаза тапқан ғалымның орнына басқа 100 ғалымның келетінін білулері керек», деп мәлім етті Иран Президенті өз сөзінде.

Ағымдағы аптаның басында жарылыс салдарынан ядролық физика маманы, Тегран университетінің профессоры Массуд Әли Мохаммади мерт болғанын ҚазАқпарат хабарлаған болатын. Бомба оның Ирандағы үйінің жанында тұрған мотоцикліне қойылған. Қашықтан басқарылатын құрылғы ғалымның үйінен шыққан сәтінде іске қосылған.