Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс: Түркия рейстер бағытын өзгертті

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің Иранға соққысынан кейін Түркия қауіпті аймақтарды айналып өтетін жаңа ұшу бағыттарын енгізді, деп жазады Анадолы.

Turkish Airlines retains Europe’s best airline title for 9th time
Фото: Pixabay

Израильдің Иранға жасаған әуе соққыларынан кейін түрік әуе компаниялары қауіпсіздік мақсатында тиісті сақтық шараларын қабылдады, атап айтқанда ұшу бағыттары қауіпті аймақтарды айналып өту үшін қайта реттелді. Бұл туралы Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу әлеуметтік желіде хабарлады.

Министрдің мәлімдеуінше, Израиль, Иран, Сирия және Ирактың әуе кеңістігі Израильдің жасаған соққылары мен аймақтағы қауіпсіздікке төнген қатердің артуына байланысты уақытша жабылды.

Министр нақтылап өткендей, Израиль, Тегеран және Бағдад үстіндегі әуе кеңістіктері арнайы жарияланған хабарламалар (NOTAM) аясында жабылады.

— Оқиғалардың дамуына байланысты біздің Азаматтық авиация бас басқармамыз және тиісті әуе компаниялары барлық қажетті шараны қабылдады. Ұшу бағыттары қауіпті аймақтардан айналып өтетіндей қайта жоспарланды. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі – басты басымдық. Дағдарыс штабының жұмысы жалғасып жатыр. Turkish Airlines бастаған әуе компаниялары 16 маусым, дүйсенбіге дейін Иран, Ирак, Сирия және Иордания бағытындағы рейстерін тоқтатты, — деді министр.

Еске салайық, жұмаға қараған түні Израиль Иран аумағына жаппай соққы жасады. Бұл шабуылдың салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) бірқатар жоғары лауазымды командирлері мен ядролық физика саласындағы ғалымдар қаза тапты. Иран сондай-ақ Натанз қаласындағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, бірақ радиацияның таралу фактісін жоққа шығарды.

Сондай-ақ Иран Израильге зымыран атып, елде әуе дабылы жарияланғанын жазғанбыз.

Кейіннен Иранның зымыран шабуылынан 21 адам зардап шеккені белгілі болды.

Бұған дейін Қазақстан Таяу Шығыс елдеріне әуе кеңістігін жапқаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар