Израиль Палестина аумағында 8 мыңнан астам тұрғын үй салуды жоспарлап отыр — БҰҰ
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль басып алған Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалим аумағында 8 мыңнан астам жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. БҰҰ мәліметінше, бұл жоспар Израиль елді мекендерін кеңейтуге бағытталған, деп жазады БҰҰ жаңалықтар қызметі.
Сонымен қатар Батыс жағалауда палестиналықтарға қарсы қоныстанушылардың зорлық-зомбылығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Ал Газа секторындағы атысты тоқтату келісімі әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр
Бұл мәлімдемені 28 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесі жөніндегі арнайы үйлестірушінің міндетін атқарушы Рамиз Алакбаров жасады. Ол БҰҰ Бас хатшысының 2016 жылғы 2334 қарардың орындалуы туралы кезекті баяндамасын таныстырды. Баяндама 13 маусым мен 18 қыркүйек аралығындағы кезеңді қамтиды.
2334 қарарында Израильден «оккупацияланған Палестина аумағында, соның ішінде Шығыс Иерусалимде елді мекендер салуды дереу және толық тоқтату» талап етіледі.
Алайда Алакбаровтың айтуынша, есепті кезеңде Израильдің жоспарлау органдары Батыс жағалауда шамамен 4570 тұрғын үй, ал Шығыс Иерусалимде 3515 тұрғын үй салу жоспарын мақұлдаған немесе оның іске асуына жол ашқан.
Израильдің Тұрғын үй құрылысы министрлігі С аймағында шамамен 2240 тұрғын үй салуға тендер жариялаған. Оның ішінде 1234 үй Иерусалим маңындағы E1 ауданында бой көтермек.
Газа мен Батыс жағалаудағы жағдай
— Газа секторындағы гуманитарлық жағдай өте ауыр күйінде қалып отыр. Соңғы айларда азық-түлік пен гигиеналық заттарды жеткізу көлемі артқанымен, денсаулық сақтау саласындағы жағдай әлі де сын көтермейді, — деді арнайы үйлестірушінің міндетін атқарушы.
Оның айтуынша, Израиль армиясы «сары сызық» деп аталатын шептің батысында әскери операцияларын жалғастырған. Оның ішінде халық тығыз орналасқан аудандарға күн сайын әуе соққылары жасалған.
Израиль қауіпсіздік күштерінің Батыс жағалаудағы операциялары да жалғасқан.
— Қоныстанушылардың зорлық-зомбылығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Мұндай әрекеттер көбіне Израиль күштерінің көз алдында жасалады, — деді БҰҰ өкілі.
Есепті кезеңде БҰҰ қоныстанушылардың 630 шабуылын тіркеді. Соның салдарынан 11 палестиналық қаза тауып, 430 адам жараланған. Олардың 113-і Израиль күштерінің әрекетінен зардап шеккен. Сонымен қатар 17 елді мекеннен 343 палестиналық үйін тастап кетуге мәжбүр болған.
Палестиналықтардың израильдіктерге жасаған шабуылдары да жалғасқан. 23 тамызда Иерихон маңындағы Эль-Ауджа елді мекенінде Израиль азаматына пышақпен шабуыл жасалып, ол жараланған.
Алакбаров таныстырған баяндамада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль елді мекендерінің кеңеюін қатаң айыптап, олардың ешқайсысының заңды күші жоқ екенін және бұл халықаралық құқықты өрескел бұзу болып саналатынын тағы да мәлімдеді.
Гутерриш Батыс жағалауда палестиналықтардың жаппай қоныс аударуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, тұтас қауымдар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған, кейбірі бірнеше рет қоныс аударған.
БҰҰ Бас хатшысы оккупациялаушы тарап ретінде Израильді палестиналықтарды шабуылдар мен қорқытудан қорғауға шақырды. Сонымен қатар палестиналықтардың израильдіктерге жасайтын шабуылдары да тоқтатылуы керек екенін айтып, барлық кінәлілер жауапқа тартылуға тиіс екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Газаны қалпына келтіру және қайта құруға 71,5 млрд доллар қажет.