Израиль палестиналықтарды күштеп көшіру ісі бойынша айыпталды – Human Rights Watch
АСТАНА. KAZINFORM – Human Rights Watch ұйымы Израильді әскери қылмыстар, этникалық тазарту және адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деп айыптады. Бұл туралы құқық қорғау ұйымының бейсенбі күні жарияланған арнайы баяндамасында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.
Нuman Rights Watch дерегінше, 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында жүргізілген «Темір қабырға» операциясы кезінде Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Дженин, Тулькарм және Нур-Шамс палестиналық лагерьлерінің шамамен 32 мыңға жуық тұрғыны күштеп үйлерінен шығарылған. Арада он ай өткеніне қарамастан, олардың ешбірі қайта орала алмаған, ал жүздеген ғимарат қираған күйі тұр.
105 беттен тұратын «Менің барлық арманым күйреді: Израильдің Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы палестиналықтарды күштеп көшіруі» атты есепте израильдік әскери бөлімшелердің үйлерді тінтіп, тұрғындарға қоныстарын тастау туралы бұйрықты дрондар арқылы хабарлағаны, ал бульдозерлердің ғимараттарды сүріп тастағаны жазылған. Көшіру орындарында қалған адамдар туыстарының үйлеріне, мешіттер мен мектептерге бас сауғалауға мәжбүр болған.
Ұйым зерттеушісі Милена Ансаридің Reuters агенттігіне айтуынша, бірде-бір отбасы туған үйіне қайта кіре алмаған. Израиль армиясы инфрақұрылым «қарулы топтар қолданбас үшін» қиратылғанын айтқанымен, тұрғындардың қашан қайта орала алатыны туралы мәлімет бермеген.
In early 2025, the Israeli military launched an operation that emptied three Palestinian refugee camps. They've blocked their residents from returning and razed many of their homes.
— Human Rights Watch (@hrw) November 20, 2025
In a new report, HRW finds that Israeli forces carried out war crimes, ethnic cleansing and… pic.twitter.com/I13LBojozU
Human Rights Watch спутниктік суреттерді, сүру туралы бұйрықтарды және дереккөз видеоларын зерттей келе, 850-ден астам нысанның жойылғанын, ал БҰҰ бағалауы бойынша бұл сан 1460 ғимаратқа жететінін мәлімдеді.
Ұйым Израиль ресми өкілдері операцияның «террористік элементтерге» қарсы бағытталғанын айтқанымен, жаппай көшіру мен тұрғындардың кері оралуына тыйым салудың себептері түсіндірілмегенін атап өтті. Бұл оқиға Газа секторындағы соғысқа қатысты халықаралық назардың артқан шағында орын алған.
Human Rights Watch бірқатар ел үкіметтерін израильдік шенеуніктерге жеке санкциялар енгізуге, қару-жарақ сатуды тоқтатуға, сауда жеңілдіктерін жоюға, қоныстарда өндірілген тауарларды импорттауға тыйым салуға және Халықаралық қылмыстық сот ордерлерінің орындалуына қолдау көрсетуге шақырды.
Ұйым жаппай көшіруді «этникалық тазарту» деп атады. Бұл термин заңдық мәртебеге ие болмаса да, белгілі бір этникалық немесе діни топты күшпен қоныстан шығару әрекетін сипаттау үшін кеңінен қолданылады.
Айта кетейік, Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі екі елді мекенге соққы жасамақ.