Израильде 27 қазанда жалпы сайлау өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің билеуші коалициясы жексенбі күні Кнессетке (парламентке) жалпы сайлау бұған дейін жоспарланғандай биылғы 27 қазанда өтетінін және мерзімінен бұрын өткізілмейтінін мәлімдеді.
Бұл туралы Синьхуа Израильдің мемлекеттік Kan TV телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Израиль заңнамасына сәйкес, парламенттік сайлау әр төрт жыл сайын өткізілуі тиіс.
Сайлауалды науқан ресми түрде 17 шілдеде, Кнессет парламенттік демалысқа шыққан кезде басталады. Осы сәттен бастап үкімет уақытша міндет атқарушы мәртебесіне көшіп, келісілген заң жобаларын, ағымдағы нормативтік шешімдер мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті шараларды қоспағанда, маңызды саяси бастамаларды ілгерілете алмайды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху маусым айында өткен баспасөз мәслихатында қазандағы жалпы сайлаудан кейін кең ауқымды ұлттық үкімет құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.
Осыған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ тарапынан Израильге көрсетілетін қаржылық қолдауды тоқтатуға ниетті екенін мәлім етті. Ол ел экономикасы қазір Американың қолдауынсыз өмір сүре алатындай күшті екенін алға тартты.