Израильде қалып қойған туристер елден шығуға өтінім бере алады

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің Туризм министрлігі шұғыл түрде елден кеткісі келетін шетелдік туристерден өтінім қабылдауды онлайн-режимде бастады, деп хабарлайды ТАСС.

Израиль Бен-Гурион әуежайында ұшақтарды эвакуациялай бастады
Фото: Анадолы

— Қауіпсіздік саласындағы қазіргі жағдайға байланысты Туризм министрлігі елден әуе арқылы кетуді қалайтын туристерден байланыс мәліметтерін жинау және олардың Израильден мүмкіндігінше тез арада шығуын тиісті мемлекеттік органдармен үйлестіру туралы сұраныс алды. Осы мақсатта туристер толтыра алатын онлайн-форма әзірленді, — деп мәлімдеді ведомстводан.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, туристерді эвакуациялау рейстері қашан басталатыны туралы нақты ақпарат әзірге жоқ.

Бұған дейін Израильде әуе кеңістігі жабылғалы 40 мың турист елден шыға алмай қалғаны хабарланды.

Сонымен қатар АҚШ-тың Израильдегі елшілігі әзірге америкалық азаматтарды эвакуациялауға мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдеді.

Ал бүгін Израильдің Тель-Авив қаласында Литва азаматтарын эвакуациялау басталғаны айтылды.

Соңғы жаңалықтар