Израильде түрме күзетіне қолтырауындарды пайдалану жобасы тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Израильде сот пенитенциарлық мекемелердің бірін қолтырауындардың көмегімен күзету бастамасын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.
Иерусалимнің округтік соты жексенбі күні Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир ұсынған жоба аясында Ніл қолтырауындарын «Кциот» түрмесіне көшіруге уақытша тыйым салды. Бұл туралы The Times of Israel хабарлады.
Шешім Израильдегі жануарларды қорғаумен айналысатын «Жануарларға өмір сыйлаңдар» ұйымының арызынан кейін қабылданды. Сот негізгі іс қаралғанға дейін мемлекеттік органдарға қолтырауындарды іздестіруге және оларды тасымалдауға дайындауға тыйым салды.
Мемлекеттің ресми жауабы 16 тамызға дейін ұсынылуы тиіс. Сонымен қатар Израиль БАҚ-тарының мәліметінше, түрме кешенінің айналасындағы қорғаныс орын қазу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жануарларды қорғаушылардың айтуынша, қолтырауындарды түрме күзетіне пайдалану туралы шешім өкілеттіктен тыс қабылданған және мамандардың жануарларға, адамдарға әрі қоршаған ортаға төнуі мүмкін қауіп туралы ескертулеріне қарамастан жүзеге асырылған.
Жобаға сәйкес, палестиналық тұтқындар мен қауіпсіздік және терроризмге қатысты істер бойынша ұсталғандар қамалатын «Кциот» түрмесінің айналасындағы қорғаныс орында Ніл қолтырауындарын орналастыру көзделген. Министрдің пікірінше, бұл нысанның күзетін күшейтіп, қашу әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Осы бастаманы іске асыру үшін Израильдің қоршаған ортаны қорғау министрі Идит Сильман Ніл қолтырауынының құқықтық мәртебесін өзгертіп, оны «қолға үйретілген жабайы жануарлар» санатына енгізген болатын. Бұл күштік құрылымдарға жануарларды беруге құқықтық мүмкіндік ашты.
Алайда Израильдің Табиғат және саябақтар басқармасы мен министрліктің заң кеңесшісі бұл бастамаға қарсы шығып, жобаның ғылыми әрі кәсіби негізі жоқ екенін және адамдар мен жануарларға қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Итамар Бен-Гвир сот шешімін сынға алып, оның түзеу жүйесінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған шараларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғанын айтты.