Израильдің АҚШ-тағы елшісінің ұлы теракт салдарынан ауыр жарақат алды

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс жағалаудағы жағдай шиеленіскен күйде қалып отыр, шабуылдар мен Израиль әскери операциялары толастар емес, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сын посла Израиля в США тяжело ранен в результате теракта на Западном берегу
Фото: x.com / @UnitedHatzalah

Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтердің ұлы, Израиль армиясының резервінде тұрған Нерия Лейтер сәрсенбі күні Батыс жағалаудағы бақылау-өткізу бекетінде болған көлік терактісі салдарынан ауыр жарақат алды, деп хабарлады The Times of Israel әскери және полиция қызметкерлеріне сілтеме жасай отырып.

Израиль тарапының мәліметінше, Иерусалим мен Тель-Авивті байланыстыратын 443-ші тас жол маңындағы бақылау-өткізу бекетінде палестиналық жүргізуші көлігін полиция көлігіне қарай бұрған. Көлік соқтығысынан полиция қызметкерімен бірге кезекшілік атқарып тұрған Лейтер жарақат алған. 

Әскерилер жүргізуші қашуға тырысқан кезде атып өлтірген. Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, оның аты Махмұд Сүлеймен болған. Израиль қауіпсіздік қызметкерлері 29 жастағы ер адамның жақын маңдағы Бейт-Ур-әт-Тахта ауылында тұрғанын хабарлады.

Ес-түссіз жатқан Нерия Лейтер Иерусалимдегі «Шаарей-Цедек» медициналық орталығына жеткізілген. Дәрігерлер бірнеше сағат бойы оның миына жедел ота жасаған. Травматология бөлімінің меңгерушісі Алон Шварц науқастың жағдайы тұрақтанғанын, бірақ ауыр күйінде қалып отырғанын және өміріне әлі де қауіп төніп тұрғанын хабарлады. Ол басынан қатты жарақат алған.

— Медицина мамандары қазір ұлымның өмірі үшін күресіп жатыр… Нерия ғажайыпқа мұқтаж, — деп жазды елші Йехиэль Лейтер әлеуметтік желіде.

Нерияның ағасы, резервтегі Моше Йедидья 2023 жылдың қарашасында Газа секторының солтүстігіндегі шайқас кезінде қаза тапқан болатын.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысу үшін Нью-Йоркке ұшар алдында ауруханадағы Лейтер отбасына барды.

Бірнеше күн бұрын Рамалла қаласының солтүстік-батысында орналасқан, Неве-Цуф немесе Халамиш деп те аталатын Израиль елді мекені маңында да теракт болған еді.