Израильдің Ливан астанасы Бейрутқа жасаған әуе соққысынан 5 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль әуе күштерінің Ливан астанасы Бейруттағы Дахийе ауданына жасаған соққысы салдарынан бес адам қаза тауып, тағы 28 адам жараланды. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.

Ливан
Фото: Анадолу

Израиль әскерінің өкілі Авихай Адраи америкалық X әлеуметтік желісінде Израиль Әуе күштері Дахийе ауданына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соққының нысанасы «Хезболла» ұйымының жоғары лауазымды өкілдерінің бірі болған.

Ливанның мемлекеттік NNA ақпарат агенттігі Дахийеге жасалған соққылар салдарынан көптеген адамның жарақат алғанын және айтарлықтай материалдық шығын келтірілгенін хабарлады.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігі қаза тапқандар туралы хабарлады

Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, алдын ала деректер бойынша шабуыл салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 28 адам жараланған.

Сондай-ақ шабуылдан кейін Бейрут аспанында төмен биіктікте ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуы жалғасып жатқаны байқалған.

Израиль премьер-министрінің кеңсесі Бейрутқа жасалған соққының мақсаты «Хезболланың» әскери қанатының көшбасшысы деп саналатын адам болғанын мәлімдеді.

Ақпаратқа сәйкес, премьер-министр Биньямин Нетаньяху Бас штаб бастығы Эял Замирмен және қорғаныс министрі Исраэль Кацпен кеңескеннен кейін шабуыл жасауға бұйрық берген.

Израильдік БАҚ-тың мәліметінше, шабуыл нысанасы АҚШ-тың санкциялық тізіміне енгізілген «Хезболланың» жоғары лауазымды мүшесі Хейсем Али Табатабаи болған.

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац Израиль өзінің қауіпсіздігіне қатер деп есептеген кез келген әрекетке қатаң жауап беретінін мәлімдеді.

Ол сондай-ақ атысты тоқтату режиміне қарамастан, «Израильге және оның азаматтарына төнген қауіптің алдын алу» сылтауымен Ливанға жасалатын шабуылдардың жалғасатынын айтты.

Израиль шабуыл алдында АҚШ-ты хабардар еткен

Израильдің мемлекеттік KAN телеарнасы Тель-Авив басшылығы Бейрутқа соққы жасамас бұрын АҚШ-ты алдын ала хабардар еткенін жеткізді.

Yedioth Ahronot газеті келтірген Израильдік дереккөздің айтуынша, Бейруттағы Дахийе ауданына шабуыл жасалған кезде «Хезболла» тарапынан болуы мүмкін жауап күтілген, алайда бұған дайын болған.

Атысты тоқтату режиміне қарамастан Израиль шабуылын жалғастырып отыр

Израиль 2023 жылдың қазан айында Ливанға шабуылдарын бастаған, ал 2024 жылдың қыркүйегінде қақтығыстар толық ауқымды соғысқа ұласқан. Әскери қимылдар барысында 4 мыңнан астам адам қаза тауып, шамамен 17 мың адам жараланған.

Өткен жылдың 27 қарашасында Ливан мен Израиль арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгеніне қарамастан, Израиль бұл режимді бірнеше рет бұзды.

Израиль 2023 жылдың 8 қазанынан кейін басып алған бес биіктікті ұстап отыр, сондай-ақ ондаған жылдар бойы бақылауында болған бірқатар аудандарда әскери қатысуын сақтауда.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр 27 қараша мен осы жылғы 20 қараша аралығында Израильдің атысты тоқтату режимін бұза отырып жасаған соққылары салдарынан 331 адам қаза тауып, 945 адам жараланған.

Айта кетейік, бұған дейін Израиль Бейруттың аудандарының біріне соққы жасағанын хабарлағанбыз.

Сондай-ақ Израильдің Газа секторына жасаған соққысынан 22 палестиналық қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар