Израильдің Газа қаласын оккупациялау туралы жоспары мақұлданды
АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің қауіпсіздік кабинеті жұмаға қараған түні премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың Газа қаласын бақылауға алу туралы шешімін бекітті, деп хабарлайды ВВС.

Бұл Нетаньяху жақында ғана мәлімдеген анклавтың барлық аумағын оккупациялауға қатысты жоспардың бірінші кезеңі болады.
Қауіпсіздік кабинеті мәжілісінің алдында премьер Fox News телеарнасына Газа секторын уақытша толық бақылауға алуға ниетті екенін айтқан.
Израиль әскері осы уақытта Газаның 75 пайыз аумағын бақылап отыр. Израильдіктердің басым көпшілігі жаңа жоспардың көздеген мақсатқа жетуге, яғни ХАМАС-ты түбегейлі жойып жіберуге мүмкіндік беретініне күмәнмен қарайды. Сондай-ақ олар кепілдікте қалған тірі адамдардың өміріне қауіп тууы мүмкін деп есептейді.
Times of Israel басылымының жазуынша, Газа қаласында жүргізілетін операция аумақта жаппай эвакуациялауды қажет етеді. Ал ол жерде қазір 800-ге жуық адам тұрып жатыр.
- Израильдің қорғаныс армиясы әскери әрекеттер жүріп жатқан жерден басқа аумақта гуманитарлық көмекті жүзеге асыра отырып, Газа қаласына бақылау орнатуға тырысатын болады, - делінген Нетаньяху кеңсесінің қауіпсіздік кабинетінің қорытындысы бойынша жасаған мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде сонымен қатар «соғысты тоқтату» туралы ұстанымдар көрсетілген.
Олар:
ХАМАС-ты қарусыздандыру;
Кепілдіктегі барлық адамдарды қайтару (өлгендерін де тірілерін де);
Газа секторын демилитариязациялау;
ХАМАС-қа да Палестина автономиясына да қатысы жоқ баламалы үкімет құру;
CNN телеарнасына берген сұхбатында Нетаньяху секторды басқару уақытша әкімшілікке берілетінін айтты.
Айта кетейік, осыған дейін БҰҰ Израильді Газаны толық оккупациялауды тоқтатуға шақырған болатын.