Израильдің Ливанға жасаған шабуылдарынан қаза тапқандар саны 4 303 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің 2 наурыздан бері Ливанға жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 4 303 адамға жетті, деп хабарлайды Anadolu.

Ливан
Фото: Anadolu

Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі Израильдің 2 наурыздан бері жасап жатқан шабуылдары салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы соңғы мәліметтерді жариялады.

Министрліктің дерегінше, аталған кезеңде қаза тапқандар саны өткен тәулікпен салыстырғанда тағы екі адамға артып, 4 303-ке жеткен. Ал жараланғандар саны 12 202 адамды құрады.

3 шілдеде жарияланған мәліметте Израильдің 2 наурыздан бері жасаған шабуылдарынан 4 301 адамның қаза тапқаны хабарланған еді.

Израиль аймақта жарияланған бітімге және АҚШ пен Иран арасындағы, Ливан да қамтылғаны айтылған келісімге қарамастан, әскери операцияларын жалғастырып отыр.

Ливанның ресми NNA агенттігінің хабарлауынша, Израильдің әскери тікұшағы елдің оңтүстігіндегі Медждель-Зун елді мекеніне бес зымыран атқан. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараты Ливанның оңтүстігіндегі Бинт-Джубейл ауданына қарасты Ятир елді мекеніне дыбыстық бомба тастаған.

Еске салсақ, 2 наурызда Израиль әскері Ливан аумағына жаппай әуе соққыларын бастап, елдің оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенді бақылауға алған еді.

Ливан үкіметінің мәліметінше, әскери іс-қимылдар салдарынан ел ішінде мәжбүрлі түрде қоныс аударғандар саны 1 миллион адамнан асты.

АҚШ президенті Дональд Трамп 24 сәуірде 17 сәуірден бастап күшіне енген Ливан мен Израиль арасындағы 10 күндік уақытша бітімді тағы үш аптаға ұзартқанын жариялады.

14–15 мамыр күндері АҚШ-тың арағайындығымен өткен келіссөздердің үшінші кезеңінің қорытындысы бойынша тараптар 17 мамырдан бастап атысты тоқтату режимін тағы 45 күнге ұзартуға келісті.

14 маусымда Иран мен АҚШ Пәкістанның арағайындығымен өткен келіссөздер барысында соғысты тоқтату және келіспеушіліктерді келіссөз арқылы реттеуді көздейтін 14 тармақтан тұратын келісімге қол жеткізгенін хабарлады. Келісім Ливандағы әскери қимылдарды тоқтатуды да қамтыды.

26 маусымда Вашингтонда өткен Израиль мен Ливан арасындағы тікелей келіссөздердің бесінші кезеңінің қорытындысында тараптар «негіздемелік келісімге» қол қойды.

Сондай-ақ Еуропалық Одақ Ливан мен Израиль арасындағы келісімді құптайтынын мәлімдеді.