Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған соққыларынан кемінде 14 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Сенбі күні Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған соққылары салдарынан кемінде 14 адам, оның ішінде Ливан армиясының үш әскери қызметкері қаза тапты. Бұл туралы Ливанның Ұлттық ақпарат агенттігі хабарлады.
Ливан армиясының мәліметінше, үш сарбаз Хардали–Кфар-Тебнит жолы бойында патрульдік көлікпен жүрген кезде қаза тапқан.
Израиль қорғаныс армиясы бұл оқиғаға қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, көлік белсенді ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақта анықталған. Барлау деректері бойынша, сол аумақта Хезболла тарапынан қауіп болуы мүмкін еді.
ЦАХАЛ өз операцияларының Ливан армиясына емес, «Хезболла» қозғалысына қарсы бағытталғанын атап өтті.
Ливандағы БҰҰ уақытша күштері шабуылды Ливанның егемендігіне, аумақтық тұтастығына және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1701-қарарына жасалған «өрескел бұзушылық» деп бағалады.
Ливан парламентінің спикері Набих Берри ЦАХАЛ-дың түсіндірмесін жоққа шығарып, бұл соққыны «еш жағдайда қателік немесе кездейсоқ оқиға емес» деп атады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Израиль авиациясының Саксақия қаласына жасаған тағы бір соққысы салдарынан алты адам қаза тапқан. Бұдан бөлек, Ливанның оңтүстігіндегі бірнеше елді мекенге жасалған жекелеген шабуылдардан тағы бес адам көз жұмды.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы төтенше операциялар орталығының мәліметінше, 2 наурыздан бері Израиль соққылары салдарынан 3 593 адам қаза тауып, 10 990 адам жараланған.
Айта кетейік, бұған дейін Израиль Ливанға қайтадан әуе соққыларын жасағанын жаздық.