Jaguar Land Rover сатылымы АҚШ тарифі мен кибершабуыл салдарынан күрт төмендеді

АСТАНА.KAZINFORM — Автоконцерн тоқсан бойынша толық қаржылық нәтижелерін ақпан айында жариялайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Jaguar Land Rover сатылымы АҚШ тарифі мен кибершабуыл салдарынан күрт төмендеді
Фото: Хаkер.ru

Өткен жылдың соңғы тоқсанында британдық Jaguar Land Rover автокөлік өндірушісінің сатылымы АҚШ-та енгізілген тариф пен ауқымды кибершабуылдан кейінгі қалпына келу процесінің созылуына байланысты күрт қысқарды.

Компания хабарламасына сәйкес, қазан–желтоқсан айларында дилерлік желі арқылы көтерме жеткізілімдер 43,3%-ға азайып, 59,2 мың автомобиль болды. Ал бөлшек саудадағы сатылым 25,1%-ға төмендеп, 79,6 мың көлікке жетті. Нәтижелерге тамыз айының соңында болған кибершабуыл елеулі теріс әсер етті.

Киберинцидент салдарынан Jaguar Land Rover қыркүйек айында Ұлыбритания, Словакия, Бразилия және Үндістандағы кәсіпорындарында өндірісті уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл тоқсандық шығынның шамамен 500 млн фунт стерлингке жетуіне алып келді, деп жазады британдық The Guardian басылымы.

Ұлыбританиядағы ең ірі автоконцерннің өндірістік қуаттары қалыпты жұмыс режиміне тек қараша айының ортасында ғана шықты. Бұдан кейін компанияға жаһандық жеткізілімдерді қалпына келтіру үшін қосымша уақыт қажет болды.

Қаржылық көрсеткіштерге АҚШ-тың жаңа импорттық баж салығы да әсер етті. Соның салдарынан Jaguar Land Rover-дің Солтүстік Америка нарығындағы үлесі қысқарды: бұл өңірде бөлшек саудадағы сатылымдар шамамен 40%-ға, ал көтерме жеткізілімдер 65%-ға жуық азайды.

Жалпы сатылым көлемінің шамамен төрттен үші (74,3%) Range Rover, Range Rover Sport және Defender модельдеріне тиесілі болды. Jaguar Land Rover үндістандық Tata Motors өнеркәсіптік конгломератының құрамына кіреді.

Бұған дейін Қазақстанда автокөлік өндірісінің 25,5%-ға артқаны, сондай-ақ 2026 жылы елдегі автокөлік бағасы қандай болатыны және неліктен қазақстандықтар ескі көліктерін әзірге утилизацияға тапсыра алмай отырғаны туралы хабарланған болатын. 

Сонымен қатар Скляр утильалым ақшасын орман техникасын сатып алуға пайызсыз беру ұсынысын қолдамаған еді

Соңғы жаңалықтар