Jibek Joly туристік пойызына Қытай мен Ресей саяхатшылары қызығушылық танытқан
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында Алматыдан Jibek Joly туристік пойызы үшінші рет жолға шығады.

Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Jibek Joly» трансшекаралық теміржол турының жоспарларымен бөлісті.
- Бірінші туристік пойыз өткен жылдың соңында, екінші осы жылдың басында жол жүрді. Үшінші Әз-Наурыз мерекесіне тура келіп отыр. Жалпы бүгінге дейін 500-ге жуық саяхатшы тур билеттерін сатып алды. Онда тек жергілікті туристер емес, шетелдіктер де бар. Түркия, Қырғызстан, Украина және Ресей тұрғындары туристік пойызбен саяхаттады, - деді ол.
Сонымен қатар спикер туристік пойызға Қытай азаматтары тарапынан қызығушылық бар екенін атап өтті. Даниел Сержанұлының айтуынша, бұл жолы бағдарға Орталық Азиядағы көне қалалардың бірі - Тараз қосылды. Наурыз айында «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Тараз – Алматы» бағдары бойынша саяхатқа 300 турист аттанады. Халықаралық турдың ұзақтығы бес күн.
Еске салайық, бұған дейін Jibek joly туристік пойызы алғаш рет Самарқандқа барғанын жазғанбыз.