Қ. Бозымбаев Қаратау қаласы мен Талас ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарына қанағаттанарлықсыз баға берді
ТАРАЗ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев облыстың апаттан зардап шеккен Талас, Сарысу және Жуалы аудандарында болып, ағымдағы жағдаймен және ТЖ жою бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысты, деп хабарланды өңір әкімінің баспасөз қызметінен.
Қаратау қаласы мен Талас ауданындағы қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысқан Қ. Бозымбаев ТЖ штабының кеңесінде электрмен және жылумен қамтуды қалпына келтіру бойынша жұмыстарға қанағаттанарлықсыз баға берді.
Өңір басшысы екі күннің ішінде Қаратаудың орталық қазандығына қосымша екі қазандықты қосуға және қала тұрғындарының пәтерлеріндегі температураны қалыпты нормаға жеткізуді тапсырды. Электрмен және жылумен қамту жүйелеріне тұрғын үй және әлеуметтік сала нысандарының тек 50 пайызы ғана қосылған. Сумен қамтудың орталықтандырылған жүйесінде ауыз судың тапшылығына (қысымның жеткіліксіздігі) байланысты кейбір көпқабатты тұрғын үйлерге суды көліктермен жеткізу ұйымдастырылуда.
Құрылыс басқармасына аудандағы құрылыс жұмыстары бойынша құжаттарды жинауды және әзірлеуді жылдамдату тапсырылды. Энергетиктерге алдағы тәуліктерде осы уақытқа дейін жарықсыз қалып отырған Қаратауға жақын орналасқан кенттер мен қаланың жекеменшік секторын электр энергиясына барынша қосу жүктелді.
17 қаңтардағы мәліметтер бойынша, Талас ауданының 47 тұрғынына медициналық, 27 тұрғынына психологиялық көмек көрсетілді.
Күн сайын бір су тасушы және төрт автоцистернамен ауыз су жеткізілуде, екі тонна азық-түлік жеткізілді.
Қаланың 13,5 шақырымнан астам он бір көшесі желмен ұшқан шатырлар мен ағаштардан тазартылды, 600 текше метрден астам қоқыс шығарылды.
Облыс әкімі Қ. Бозымбаев мәлім еткендей, Үкіметтен облысқа 800 млн. теңге мөлшеріндегі алғашқы көмек қаражаты түсті, оның 400 млн. теңгесі Талас ауданына, 300 млн. теңгесі Сарысу ауданына үйлестірілді. Қалған қаражат Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласына, сондай-ақ дауылдан зардап шеккендерге бағытталды.