К дәрумені нәрестеге не үшін егіледі: сарғаю мен аутизмге әсері бар ма

АСТАНА. KAZINFORM — Жуырда Kazinform-да жарияланған материалда Жандос Құлжанбеков жаңа туған нәрестеге егілетін «К» дәрумені билирубиннің жоғарылауына және кейін баланың дамуындағы бұзылыстарға әсер етуі мүмкін деген пікір айтқан еді. Осыған байланысты Kazinform Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдап, сала мамандарынан К дәрумені жаңа туған нәрестеге не үшін егілетінін, оның балаға қандай әсері барын, нәрестенің кейінгі дамуына қаншалықты ықпал ететінін сұрап, сауал жолдады.

К дәрумені нәрсестеге не үшін егіледі
Коллаж: Kazinform / ЖИ

К дәрумені не үшін егіледі

Бала дүниеге келгеннен кейін алғашқы сағаттарда оған К дәрумені егіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің мәліметінше, Қазақстанда бұл шара «Дені сау нәрестеге күтім жасау» клиникалық хаттамасында қарастырылған.

Құжат бойынша, айы-күні жетіп дүниеге келген нәрестеге 1 мг, ал шала туған балаға 0,5 мг К дәрумені бұлшықетке егіледі.

— Нәресте дүниеге келген кезде оның ағзасындағы К дәруменінің қоры өте аз болады. Себебі жүктілік кезінде бұл дәрумен анадан балаға плацента арқылы аз мөлшерде беріледі. Ал К дәрумені қанның қалыпты ұюы үшін қажет. Сондықтан оның тапшылығы нәрестеде қан кету қаупін арттырады, — делінген департамент жауабында.

Педиатрия саласында бірнеше жыл қызмет етіп жүрген Севара Мирзатаева бұл дәруменді салмаудың салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтады.

– Егер К дәруменін салмаса, әртүрлі қауіпті жағдай болуы мүмкін. Біздің ең үлкен қорқынышымыз — миға қан құйылу және мидың зақымдалуы. Бұл баланың өліміне де әкелуі мүмкін. Сондай-ақ асқазан-ішек жолдарынан немесе кіндіктен қан кетуі ықтимал. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін бала туған кезде К дәруменін енгізген дұрыс, — дейді педиатр.

Баладағы К дәруменінің деңгейі неге тексерілмейді

Бұған дейін сайтымызда жарияланған сұхбатта Жандос Құлжанбеков жаңа туған нәрестеге К дәрумені ағзадағы деңгейі алдын ала анықталмай салынатынын айтқан еді. Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті мұның себебін нәресте ағзасының физиологиялық ерекшелігімен түсіндірді. 

— Жаңа туған балаларда К дәруменінің деңгейі табиғи түрде төмен болады. Ал оның тапшылығынан болатын қан кету аяқ астынан басталуы мүмкін. Сондықтан препарат ауруды анықтағаннан кейін берілетін ем ретінде емес, барлық нәрестеге арналған алдын алу шарасы ретінде қолданылады, — делінген жауапта.

Сонымен қоса аталмыш департамент К дәрумені ата-ананың келісімінсіз егілмейтінін еске салып өткен.

— К дәрумені нәрестеге ата-анасының келісімімен ғана енгізіледі. Егер ата-ана одан бас тартса, медицина қызметкерлері К дәруменін алмаудың қандай қауіпке әкелуі мүмкін екенін, соның ішінде өмірге қауіп төндіретін қан кету қаупін түсіндіруге тиіс. Қазақстанда К дәруменін енгізуден жаппай бас тарту жағдайлары тіркелмеген. Дегенмен ата-аналарға медициналық кеңес беру сапасын арттыру жұмыстары жалғасып жатыр, — деп хабарлады ведомство.

К дәрумені бала денесіндегі сарғаюға себеп бола ма

Одан бөлек алдыңғы материалда К дәруменінің нәрестелердегі сарғаюға әсері бар ма деген мәселе де көтерілген еді. Жандос Құлжанбеков К дәруменін эритроциттердің ыдырауы және билирубин деңгейінің көтерілуімен байланыстыратынын жеткізді.

Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform сауалына берген жауабында К дәруменінің профилактикалық дозасы мен эритроциттердің ыдырауы немесе нәрестелердегі сарғаю арасында байланыс бар екенін дәлелдейтін ғылыми дерек жоқ екенін мәлімдеді.

Осы тұста жаңа туған сәбилер не себепті сарғаяды деген сұрақ туындайды. Балалар дәрігері Севара Мирзатаеваның айтуынша, нәрестелердегі сарғаю физиологиялық және патологиялық болып екіге бөлінеді.

Севара Мирзатаева
Фото: Севара Мирзатаеваның жеке мұрағатынан

— Физиологиялық сарғаю көбіне бала өмірінің екінші-үшінші тәулігінде байқалады, бұл нәресте ағзасында жүретін табиғи өзгерістерге байланысты. Бала ана құрсағында жатқан кезде оның қанында фетальды гемоглобин көп болады. Ол ұрықты оттегімен қамтамасыз етуге қажет. Бала дүниеге келгеннен кейін ағза жаңа жағдайға бейімделіп, эритроциттер жаңара бастайды. Соның нәтижесінде фетальды гемоглобин ыдырап, билирубин түзіледі, — деді педиатр.

Оның сөзінше, жаңа туған нәрестенің бауыры әлі толық жетілмеген, сондықтан түзілген билирубинді бірден өңдеп үлгермеуі мүмкін. Соның салдарынан оның мөлшері уақытша көбейіп, баланың терісі мен көзінің ағы сарғаяды.

Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің мәліметінше, мұндай сарғаю айы-күні жетіп дүниеге келген нәрестелердің шамамен 60 пайызында, ал шала туғандардың 80 пайызында кездеседі және көп жағдайда физиологиялық процесс саналады.

Ал патологиялық сарғаю басқа себептерге байланысты пайда болады. 

— Оған ана мен баланың қан тобы немесе резус-факторының сәйкес келмеуі, эритроциттердің шамадан тыс ыдырауы, инфекциялар, шала туылу, бауыр мен өт жолдарының кейбір аурулары себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сарғаюды жай ғана нәрестенің қалыпты бейімделу процесі деп қарауға болмайды. Егер ол өмірдің алғашқы 24 сағатында басталса немесе басқа күмәнді белгілермен қатар жүрсе, оның себебін анықтау қажет, — деді Севара Мирзатаева.

Сарғаю кезінде қандай белгілерге мән беру керек

Педиатр бала терісінің сарғаюына ғана қарап оның жағдайын бағалау дұрыс емес екенін баса айтты. Нәрестенің қалай тамақтанатыны, салмақ қосуы, ұйқысы, үлкен және кіші дәреті, жалпы белсенділігі де маңызды.

— Егер бала жақсы еметін болса, салмақ қосып жатса, мазасыз болмаса және жалпы жағдайында өзгеріс байқалмаса, сарғаю көп жағдайда физиологиялық болуы мүмкін. Ал егер бала салмақ қоспаса, себепсіз жылай берсе, әлсіз болса, үнемі ұйықтай берсе, тамақтан бас тартса, алақаны мен табаны сарғайса, үлкен дәреті ақшыл, ал зәрі өте қою сары түсті болса, міндетті түрде дәрігерге жүгіну керек, — дейді Севара Мирзатаева.

Билирубин деңгейін де тек бір санға қарап бағалау жеткіліксіз. Педиатрдің сөзінше, дәрігер баланың неше күндік екенін, жүктіліктің нешінші аптасында туғанын және қосымша қауіп факторларды ескеруі тиіс.

Билирубин шамадан тыс жоғарылаған жағдайда ол миға кері әсер етуі мүмкін. Аталмыш департамент мұндай жағдай билирубиндік энцефалопатия мен ядролық сарғаюға әкелуі ықтимал екенін ескертеді. Сондықтан патологиялық сарғаюды дер кезінде анықтау маңызды.

Ата-аналар К дәруменінен жиі бас тарта ма

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда К дәруменін енгізуден жаппай бас тарту үрдісі тіркелмегенін хабарлады. Педиатр Севара Мирзатаева да өзінің бірнеше жылдық тәжірибесінде мұндай екі жағдай болғанын айтады. Бірінде ата-ана діни себеппен бас тартса, екіншісінде препаратқа қатысты қорқыныш пен ақпараттың жеткіліксіздігі әсер еткен.

Жуырда әлемдік БАҚ-тарда АҚШ-та соңғы жылдары жаңа туған нәрестелерге К дәруменін енгізбеу жағдайлары жиілегені жазылды. Мәселен, 2025 жылы JAMA медициналық журналында жарияланған зерттеу нәтижесінде К дәруменін алмаған сәбилердің үлесі 2017 жылғы 2,92 пайыздан 2024 жылы 5,18 пайызға дейін өскені белгілі болған. Сегіз жылда бұл көрсеткіш шамамен 77 пайызға артқан.

Америкалық педиатрия академиясы да К дәруменінен бас тарту бірнеше жылдан бері көбейіп келе жатқанын хабарлайды. Ұйым К дәруменін алмаған нәрестелер арасында қан кету жағдайларының көбейгенін атап өтті.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, К дәруменін алмаған нәрестелерде оның тапшылығынан қан кету қаупі екпе алған балалармен салыстырғанда 81 есе жоғары. К дәрумені тапшылығынан болатын қан кету кейде алдын ала белгі бермей басталады. Ал кеш пайда болатын қан кету жағдайларының 30-60 пайызында миға қан құйылады.

Мамандар ата-аналардың бас тартуына препараттың қауіпсіздігіне қатысты күмән мен қате жеткізілетін ақпарат та әсер ететінін айтады. 

К дәрумені және аутизм

Бұдан бөлек, бұған дейінгі сұхбатта Жандос Құлжанбеков К дәруменін енгізуден басталатын бірқатар процесті өзара байланыстырып, оның соңы баланың дамуындағы бұзылыстарға әкелуі мүмкін деген пікір білдірген еді.

Можно ли «вылечить» аутизм: психиатр назвала самые опасные заблуждения о РАС
Коллаж: Kazinform / ИИ

Kazinform осы мәселені де Денсаулық сақтау министрлігінен нақтылады.

— К дәруменін енгізу мен аутизм спектрінің бұзылыстары немесе жүйке-психикалық дамудың басқа бұзылыстары арасында байланыс бар екенін растайтын сенімді клиникалық деректер жоқ, — делінген жауапта.

Педиатр да К дәруменін егу мен кейінгі аутизм, сөйлеудің кешігуі немесе басқа нейродаму бұзылыстары арасында  байланыс бары дәлелденбегенін айтады.

— Егер ата-ана қандай да бір мәселемен келсе, нақты сол баланың жағдайын жеке қараймыз. Баланың жасына сай дамуы қалай жүріп жатыр, қандай да бір өзгеріс немесе кешеуілдеу бар ма — соны бағалап, қажет болса қосымша мамандарға жібереміз. Бірақ К дәруменін немесе басқа инъекцияны алғаннан кейін баланың дамуы тежелді деп айтуға негіз беретін ғылыми дәлелденген дерек жоқ, — деді Севара Мирзатаева.

Балаға қатысты медициналық ақпарат әсіресе әлеуметтік желіде тез тарайды. Бір ата-ананың тәжірибесі немесе жекелеген маманның пікірі көп жағдайда бәріне ортақ заңдылық ретінде қабылданып кетуі мүмкін.

Севара Мирзатаева ата-аналарға дәлелді медицинаның қорытындылары жинақталған дереккөздерге сүйенуге және күмән туындаса, баланың жағдайын дәрігермен жеке талқылауға кеңес береді.

К дәруменіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мен педиатрдың Kazinform-ға берген жауаптарындағы негізгі тұжырым да осыған саяды: препарат жаңа туған нәрестелердегі қауіпті қан кетудің алдын алу үшін егіледі. Ал оның физиологиялық сарғаюды, аутизмді, сөйлеудің кешігуін немесе басқа нейродаму бұзылыстарын туындататынын растайтын сенімді клиникалық деректер жоқ.