К. Көкірекбаев бірқатар азаматтарды Конституцияның 20 жылдығына орай шығарылған мерейтойлық медальдармен марапаттады

Жаңаша сипатта безендірілген сахна төріне алдымен еліміздің қос байрағы көтерілді. Мұнан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Конституциясының жиырма жылдық мерейтойымен жиналған қауымды құтықтады.
«Конституция күні - еліміздегі ең ұлық мерекелердің бірі. Осы күні демократиялық еліміздің заманауи талаптардың барлық критерийлеріне жауап беретін басты құжатымыз Ата Заңымыз бекітілді. Еліміз осыдан жиырма жыл бұрын біртұтас құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде өзін әлемге танытты. Халықтың көңілінен шығып, жүрек төрінен орын тапқан Ата Заңымызға да мінекей, жиырма жыл толып отыр.
Ол баршамыздың құқығымызды тең дәрежеде қолдайды. Ендеше еліміздің әрбір азаматының денсаулығы мықты болсын! Мемлекетіміздің мерейі әрдайым асқақтай берсін! Барлықтарыңызды осынау айтулы мерекемен құтықтай отырып, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!» - деп игі тілегін арнаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңір экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды Ата Заңымыздың жиырма жылдығына орай шығарылған мерейтойлық медальмен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Шара соңында өңір өнерпаздары патриоттық рухты жанитын керемет әндерді шарықтата шырқап, залға жиналған жұртшылықтың көңілін бір серпітіп тастады. Бір сөзбен айтқанда, салтанатты жиынға жиналған көпшілік мерекелік көңіл күймен тарқасты.