К.Мәсімов СҚО басшылығына жұмыспен қамту мәселесін айрықша бақылауда ұстауды тапсырды
К. Мәсімов халықтың көші-қон қозғалғыштығы соңғы уақытта айтарлықтай артқанын, өңіраралық және өңірлік көші-қон көлемі өскенін айтып өтті.
Осыған байланысты халықты ел аумағына рационалды орналастыру мәселесі өзекті болып келеді.
Премьер-Министр еске салып өткендей, бұл мәселені шешу үшін Үкімет көші-қон мәселелері бойынша Заңды қабылдап, ішкі қоныс аударушылар мен оралмандарға арнап өңірлік үлестемелер енгізілген. Ағымдағы жылдың ақпанында Үкімет еңбек күші жетіспейтін бірнеше өңірді, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысын айқындады.
Отырыс барысында ҚР ДСӘДМ басшысы Тамара Дүйсенова, СҚО әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, сондай-ақ жеке ұйым жетекшілері баяндама жасады, деп жазады Pm.kz.
К. Мәсімов баса айтып өткендей, облыста ЖҚЖК-2020 бағдарламасын жүзеге асыру әлеуметтік проблемаларды шешуге, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және еңбек ресурстарын рационалды пайдалану мәселелеріне септігін тигізуі тиіс.
Отырыс соңында Премьер-Министр денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ұлттық экономика, ақпарат және коммуникация министрліктеріне, сондай-ақ әкімдікке және өзге де мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Ағымдағы жылы Қазақстандағы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарларымен 417 мыңнан астам адам қамтылатынын айта кеткен жөн. Негізгі шаралар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» аясында жүзеге асырылуда, оған 101 млрд теңге бөлінген.
Бүгінгі таңда 57 мың адам бағдарламаға қатысты. Қазіргі уақытта СҚО-дағы экономикалық белсенді халық саны 329 мың адамды құрайды, олардың 313 мыңы еңбекпен қамтылған, ол 95 %-ды құрайды.