Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да үшінші атаулы шәкіртақы беріле бастады
АЛМАТЫ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде геолог, ғалым, қайраткер Бақытжан Берікболов атындағы шәкіртақының алғашқы иегерлері марапатталды.
«Бұл біздің кафедрадағы үшінші шәкіртақы болайын деп отыр. Бұған дейін Шахмардан Есенов пен Қаратай Тұрысов атыңдағы шәкіртақылар бар еді. Енді оның қатарын Бақытжан Беркіболв атындағы шәкіртақы толықтырып отыр. Қазір бұл мамандықтың болашағы зор екенін жастар жақсы түсінгендіктен, мұнда үлкен байқаумен қабылданады», - дейді Геологиялық карта түсіру, пайдалы қазба кен орындарын іздеу мен барлау кафедрасының меңгерушісі, профессор Ақылбек Жүнісов. Оның айтуынша, бұл атаулы шәкіртақы Б.Берікболовтың геологияға сіңірген еңбегін ары қарай жетілдіру үшін Бақытжан Рахметұлының отбасы мен «Волковгеология» АҚ-ның атынан үздік 2 студентке беріледі. Оның алғашқы иегері 3-ші курста оқитын және университеттің қоғамдық жұмысына белсенді қатысушы Жандос Ғабдуллин. Ал екінші студент бүгін ауырып келе алмай қалғандықтан, оған кейін табыс етілмек.