Қ. Жақыпов: Парламентаралық үнқатысу - Қазақстан мен Франция ынтымақтастығының маңызды бөлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Франция Сенаты «Франция - Қазақстан» достық тобының жетекшісі Андре Дюлэ бастаған делегация өкілдерімен екі жақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.
Тараптар екі елдің парламенттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, жалпы алғанда, Қазақстан мен Франция байланысын күшейтуге және тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Қабиболла Жақыповтың атап өткеніндей, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес, сондай-ақ, бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан жобалар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынасты дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Олардың қатарында Абай атындағы Қазақстан Ұлттық педагогикалық университеті базасында Сорбонна француз университетінің филиалында халықаралық қатынастар және менеджмент екі магистрлық бағдарлама бойынша мамандар дайындауды атап өтуге болады.
Мәжіліс Төрағасы Франция біздің еліміздің Еуропадағы негізгі саяси әрі экономикалық әріптесі екенін алға тарта келіп, өзара ықпалдастықтың алда достық және сенім негізінде дамуының маңыздылығын алға тартты.
Өз кезегінде Андре Дюлэ Францияның Қазақстанға түрлі бағыттарда, соның ішінде индустриялық, агроөнеркәсіптік дамуда, жаңа технологияларды тартуда қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді
Меймандардың тағы бір атап өткені, біздің еліміз «ЭКСПО - 2017» көрмесін өткізуге қатысты барлық сұрақтар бойынша Францияның қолдауына арқа сүйеуіне болады.
Ғаламдық қауіпсіздік тақырыбын сөз еткенде, Қарулы күштер және қорғаныс, халықаралық істер жөніндегі Сенат комитеті төрағасының орынбасары Ив Поццо ди Борго аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстанның рөлі айрықша екеніне тоқталды.