Қ.Жақыпов ҰҚШҰ ПА отырысында халықаралық лаңкестікке қарсы парламенттер ынтымақтастығын нығайту маңыздылығын айтты

Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкинмен кездесу барысында аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету жайы әңгіме өзегіне айналды.
Қабиболла Жақыпов бірлескен мақсаттарға жету үшін, соның ішінде, халықаралық лаңкестікке қарсы іс-қимыл барысында парламенттер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Осы күні Мәжіліс Төрағасы Пәкістан Парламенті Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Сардар Аяз Садикпен жүздесті.
Пәкістандық парламент өкілдері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы ынтымақтастығын дамыту мақсатында ҰҚШҰ ПА шараларына алғаш рет қатысып отыр.
Мәжіліс Төрағасы әріптесін Парламент Палатасы басшылығына қайта сайлануымен құттықтай келіп, қазақстандық-пәкістандық екіжақты парламентаралық ықпалдастықтың одан әрі нығаюына сенім білдірді.
Осы ретте Қ.Жақыпов екі елдің қазіргі заманғы өзекті сұрақтар төңірегінде ұқсас ұстанымдары бар екенін алға тарта келіп, оның БҰҰ, ШЫҰ, ИЫҰ сынды басқа да ұйымдар шеңберінде тиімді өзара іс-қимыл үшін сенімді тірек болатынын атап өтті.
Кездесу иелері сауда-экономикалық байланыс, әсіресе, транзиттік-көліктік, мұнай, энергетика салаларындағы қатынасты дамыту мәселелерін де назардан тыс қалдырмады.
Қабиболла Жақыпов 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдағаны үшін, сондай-ақ, штаб-пәтері Астанада орналасқан азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Жарғысына қосылғаны үшін Пәкістандық тарапқа алғыс сезімін білдірді. Сардар Аяз Садик өз кезегінде Пәкістанның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын нығайтып жатқанын тілге тиек ете келіп, Мәжіліс Спикерін аталған елге ресми сапармен келуге шақырды.