Қабір басын көркейту кім үшін керек? - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 тамыз, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
Сонымен, басылымдардың бүгінгі сандары оқырмандарына қандай мазмұндағы мақалалар ұсынып отырғанына көз жүгіртсек.
«Айқын» газеті бүгін «Олардың біздің жерде ізі қалған...» атты танымдық мақалада қазақ топырағына аяғы тиген, қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүріне өзінше пікір білдірген атақты зерттеушілер туралы жазады. Италия саяхатшысы Марко Поло қазақтар жайлы зерттеуінде қымызымызды «кемиус» деп, оның өте дәмді сусын екенін жазыпты.
«Қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты баға бергендердің алғашқысы - Венеция саяхатшысы Марко Поло (1254-1324 ж.ж). «Книга Марко Поло о разнообразии мира» деген кітапта Марко Поло көшпенді қазақтардың жауынгерлік қырына көбірек тоқталған. Қазақтың өжет әрі қаһарман халық екеніне саяхатшының көзі жеткен. XII ғасырда жарық көрген осы кітапта Марко Поло қазақтар жайлы: «... Әйелдері сауда-саттықпен айналысады, ерлеріне керектің бәрін сатып алады, үй шаруасын атқарады. Ерлері ештеңеге араласпайды. Соғысқа барады әрі аң мен құсқа қырандарын салып аңшылық құрады... Олар бие сүтін ақ шарап тәрізді ішеді, кемиус деп атайды, өте дәмді. Қарулары садақ, семсер және шоқпар. Садақ атудың нағыз шебері... Ұрыста беттесе, батыл соғысады. Өздерінің билеушілеріне әбден берілген... Еңбекке және таршылыққа, басқаларға қарағанда, өте төзімді, жер мен патшалықты жаулап алуға қабілетті халық. Қажет болса айшылық жолға ешқандай азықсыз шығады ...Қажет болса қару-жарағымен түнді ат үстінде өткізуге бар. Қиындық пен мұқтаждыққа кімнен де болса төзімді» деп жазады. Осылайша, атақты жиһангез көшпелі қазақтың әскери өнерді жоғары деңгейде меңгергеніне таңдай қаққан. Ал Сарыарқаны көргенде сауданың жоғары дәрежеде дамығанына куә болған»,-деп жазады мақала авторы. Ал, француздың атақты жазушылары Александр Дюма, Жюль Верн, орыстың ақыны Александр Пушкиннің біз туралы тарихта тағы қандай пікір қалдырғанын оқығыңыз келсе, «Айқын» газетіндегі «Олардың біздің жерде ізі қалған...» атты мақаланы оқыңыз.
Сондай-ақ, басылым бүгін «Алаң» айдарында «Қабір басын көркейту кім үшін керек?» деген өзекті сұраққа жауап іздеген. Мақала авторы «ХХІ ғасыр рухани құндылықтар және мәдени экспансиялар ғасыры болайын деп тұр. Әлемдік мәдениеттер бірін-бірі жұтып жатыр. Соның салдарынан ешкімге ұқсамайтын, ғасырлар қойнауынан екшеленіп жеткен құндылықтарды ұсқынсыз күйге түсіруге бет алған жабайы ұғымдар қалыптаса бастады»,-дейді. Бұл мақалада сіз мазарларды арнайы заң қабылдап, бір қалыпқа түсіру туралы ақпарат оқи аласыз.
***
Ал, «Егемен Қазақстан» газеті бүгін әлеуметтану ғылымдарының докторы Тыныштық Қалдыбаеваның сараптамалық мақаласын ұсынып отыр. Мақалада Мемлекет басшысының «Нақты 100 қадам - Ұлт жоспарында» айтқан бес институтционалдық реформаның бірқатарына талдау жасалған. Мысалы, автор бес реформаның төртінші бөлімі - бірлікті нығайту мәселесіне тоқтала келе, «бес реформаның төртінші бөлімі - «Бірегейлік пен бірлік» тұтасымен алғанда, қоғамдық сана мен мәдениет мәселесі, өскелең ұрпақ пен аға ұрпақ ара-қатынасы мәселесі. Алайда, ұлттық, мәдени, рухани бірегейлік пен бірлік тек осы деңгейлер теңелген жағдайда, теңдікке негізделген өзара сенім жағдайында ғана мүмкін болады» деген ой түйеді. Бес реформаның өзге де тармақтары туралы әлеуметтік зерттеумен танысу үшін «Қазақстан қоғамын түбегейлі өзгерту - қоғамдық сананың қайта өзгеруі» атты мақаланы оқыңыз.
Басылым сондай-ақ, бүгін «Ақыртас» туралы тың деректері бар мақала жариялаған. Мақалада ЮНЕСКО-ның Бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар тізіміне енген «Ақыртас» тарихи кешенінің сыры мен сипаты молынан жазылған. Кешеннің толық тарихын газеттегі «Ақыртас» мақаласынан оқи аласыздар.
Келе жатқан Конституция күніне орай «Егемен Қазақстан» газеті Жоғарғы соттың судьясы Ақылтай Қасымовпен өткізген сұхбатты жариялап отыр. Судья сұхбатында жуырда жаңа редакцияда қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінің тиімді тұстарына тоқталады. Сұхбатты толығымен «Жиырма жылдық серпінді дамудың сыры» атты тақырыпта оқи аласыздар.
***
«Экспресс-К» газеті еліміздегі орнитологиялық туризмнің жай-күйіне талдау жасаған. Алматыда өткен орнитологтардың халықаралық конференциясының мәліметтеріне сүйене отырып, мақала авторы бұл саланы дамыту үшін ақсап тұрған екі бағытты - инфрақұрылым мен білікті мамандар даярлау ісін қолға алу керектігін жазады. Бұл туралы толығырақ «Видимо, надеждой и упреком служат человеку журавли» атты мақаладан оқи аласыздар.