Кабо-Вердеде автобус апатынан 25 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Сенбі күні Кабо-Вердедегі Фогу аралында автобус жолдан шығып, тік жардан құлаған. Соның салдарынан кемінде 25 адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алды, деп жазды Синьхуа агенттігі.
Бұл қайғылы жағдайды алғаш болып ел президенті Жозе Мария Невеш хабарлады.
Жергілікті Inforpress агенттігінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Сан-Филипе муниципалитетінің солтүстік таулы аймағындағы Ша-даш-Калдейраш пен Кампанаш-ди-Сима елді мекендері арасындағы жолда болған. Автобус жолдан шығып, шамамен 30 метр биіктіктегі жардан құлаған.
Автобуста негізінен Куррал-Гранде мен Понта-Верде елді мекендеріндегі орта мектеп оқушылары болған. Апаттан автобус жүргізушісі де қаза тапты, деп хабарлады Inforpress.
Оқиғаның себептері анықталып жатыр.
Айта кетейік, кеше Қарағандыда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты.
Ал «Сарыөзек – Көктал» тасжолындағы жол апатынан алты адам қаза тапты.