Қадірлі кісі қартаймайды

АНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - Бұрынғылар «Адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады» деген екен.
None
None

Оның біріншісі - ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі - ұстаздық қылып, шәкірт баптау, үшіншісі - ілім-білім жинап, қоғамға қызмет жасау. Осы тәмсіл ойға келгенде есіме Сұлтан Оразалин түседі. Мемлекет және қоғам қайраткері, егемен еліміздің тұңғыш Тіл комитетінің төрағасы, қазақ атты үлкен бір қауымның мақтанышына айналған азамат осы міндеттердің самғау биігінен көрініп жүрген тұлға. Мұны оның азаматтық һәм адамгершілік сый-сипатына бөленгендер, ол кісінің тәлімі мен ілім-біліміне сусындаған шәкірттері құптары анық. Сондықтан, Сұлтан Шәріпұлының елге үлгі боларлық өнегелі өмірінің кейбір тұстарына тоқталуды жөн көрдім.

Ол кісіні өзінің төл достары тәрізді ертеден білемін деп айта алмаймын. Сыртынан естігенім болмаса, араласқаным жоқ. Алғашқы рет С.Оразалинді өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары басында Семей қаласында тіл мәселесіне қатысты өткен үлкен бір жиында көрдім. Мен ол кезде Жезқазған облыстық «Қазақ тілі» қоғамында, сол ұйымның төрағасының орынбасары қызметінде едім. Республикалық Тіл комитетінің ұйымдастырылуымен болған ауқымды бұл іс-шараға қазақ тілінің шын жанашыры, ауыл шаруашылығы маманы, өте ақынжанды азамат Ғазиз Әлинмен бірге қатысқан болатынмын. Жиын қазақ тілінің «жоғын» түгендеуді өзінің басты мақсаты етіпті. Шыны керек, сол тұс қазақ тіліне қатысты мәселелер төңірегінде, арыстан баққан ауылдай алыс-жұлысы, айтыс-тартысы, арбасуы мен айқасуы жетіп артылатын шақ еді. Ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуына, оның қолданыс аясының кеңеюіне не түрлі қарсылықтар білдіріліп, іштен шалып жататын жағдайлар аз еместін. Баспасөз беттеріндегі қазақ тілінің жай-күйі жөніндегі мақалалар кәдімгідей бітіспес күрестің сипатында еді. Ал, осындай ортаға рухы мықты, жүрегі түкті, төзімі зор, ұлтым деп ұйқысы қашып, жұртым деп жабығатын, елін ерекше сүйетін адам ғана атының басын бұруға тәуекел етері шындық.

Семей жерінде мен Оразалиннің осындай санаулылар санатынан екенін аңғардым. Қазақ тілі дегенде тайсақтай беретін Семей облысын басқарып отырған Черновты тәубесіне келтіріп, оның көзқарасын біржола өзгертпесе де ортақ мүддемізге қарай ойыстыра алғанына жиналғандар куә болды. Кейін Оразалиннің өзінің тұтқиыл ойымен, мірдің оғындай сөзімен, тұлға тұрпаты ешкімге ұқсамайтын, тамыры тегі асыл қайталанбас келбетімен ұлттық тілдің көкжиегін кеңейтуге әкім-қараларды жұмылдырудағы өлшеусіз еңбегімен де таныстым. Елді мекендердің, көшелердің тарихи аттарын қайтарту, әсіресе, Елордамызды қазақи кейіпке түсіру бағытындағы атқарған жұмыстарынан да хабардармын. Әрине, мұндай белсенділік атқамінерлерді қуанта қойған жоқ, түрлі себептерді сылтауратып, олар ақыры Тіл комитетін жауып тынды. Бұл шешімнің дұрыс болмағандығын соңынан өмірдің өзі дәлелдеп те берді. Тіл - ұлттың жаны мен абыройы екенін, тіл түзелмей ел де, діл де, тәлім-тәрбие де түзелмейтінін түйсінгендер Тіл комитетін қалпына келтірді.

Семей сапары, сондай-ақ Сұлтекеңді өзге де қырынан тануға мүмкіндік берді. Ресми жиналыстан соң ол кісімен емін-еркін сөйлесудің сәті түскенде, Сұлтан Шәріпұлы жайдары көңілімен айналасындағыларға адамгершіліктің, татулықтың, мейірбандылықтың нұрын төккендей өте жақсы әсер қалдырды. «Көңіл көңілден су ішеді» деген сөзді қазекем сірә осындайда айтса керек. Ең бастысы, оның терең танымдылығына, білім-парасаттылығына тәнті болдық. Оразалиннің аузынан тарихтың ел білмейтін ақтаңдақтары, біздер тіпті өмірі естімеген жәйттер жөніндегі айтылған әр сөзі есіле, төгіле шығып жатты, тек оны тыңдар құрыш құлақ, құйып алар кең кеуде болсын дей бер. Мақтау сөз айтуға ынта білдіре бермейтін Ғазиз жерлесім С.Оразалинді шығармашылық тылсымы, қалам құпиясы, жан жұмбағы мол азамат екен деп, соңынан көп айтып та жүрді. Осынау бағаның шынайлылығына кейін тағы бір көзім жетті. Араға бес жыл уақыт салып, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде қызметте жүргендегі кезекті бір іс-сапарда Сұлтекеңмен екі адамдық купеде орнымыз қатар келіп, Алматы шаһарынан Астанаға дейін бірге келгенім бар. Алуан түрлі ой шырмауында отырған мені ол бір серпілтіп, ә, дегеннен өзіне қаратып алды. Әңгімесінің дәмдісі мен мәндісін тым әріден бастай отырып, ол кісі сонымен бірге бүгінгі күнге байланысты жағдайлар жайында да көп сыр ақтарды. Менің қызметіме тіке қатысты болғандықтан шығар, әйтеуір ол ақпарат кеңістігіндегі өзінің еңбек жолын көбірек әңгімеледі. Оның ішінде, ұлттық телеарнаның қалыптасу тарихына мейлінше мән бере отырып, бүгінгі телеиндустрияның даму сипатына қатысты ізденістер мен іркілістер жайында пікірлерімен бөлісті әрі көңілін алаңдатып жүрген ойларын жайып салды.

С.Оразалиннің осылайша шыр-пыр болуының жөні бар. Өйткені, Қазақ телевизиясын құрушылардың алдыңғы легінде өзі де жүрді. Ауыздан қақпақ, төбеден тоқпақ кетпеген сор заманда ұлттық құндылықтарды насихаттаудан Сұлтекең бір жалыққан емес. Өз уақытының бітім болмысы мен толыққанды тынысын терең түсіне отырып, елдік пен ерлікке, бірлік пен тірлікке үндейтін және ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын хабарлар дайындап шығаруды көздеді. Сөйтіп, көпшіліктің өте асыға күтетін «Шұғыла», «Айтыс», «Халық қазынасы» тәрізді телеөнімдерді, «Қымызхана» деген телетеатрды дүниеге келтірді. Құпиясын тереңіне бүгіп, ойларын қатпарына жасырған жазушылар мен не бір өнер адамдарының қайнар бастауларынан дәм татқызу мақсатында «Кездесулер» және «Портреты» атты телехабарлар тізбегін көрермендеріне тарту етті. Міне, осындай қазақтың мәдени дәстүрлерінің, рухани дүниесінің, өнерінің шырайын Сұлтекең Қазақ телевизиясында қызмет жасаған 20 жылда шырынды тілімен, ұрымды уытты ойымен кіргізіп, көптің көңілінен шыға білді. Зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, қазір де жастайынан өн бойына сіңірген сүйікті кәсібінен бір қол үзген жоқ. Өзінің жүрек қалауымен, бүгінгі күндері телекөрермендердің көзайымына айналған «Қазақ зиялылары туралы анталогиясы» тележобасын іске асыруда, сөйтіп өскелең ұрпақтың саналы да салауатты болып қалыптасуына, қазақстандықтардың жаңа экономикалық, құқықтық және саяси мәдениетін көтеруге зор үлесін қосып келеді. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың мына бір сөздері бұл пікірді қуаттай түседі: «Сұлтан Оразалин көпұлтты Қазақстанның рухани өмірін жан-жақты дамыту жолында бойындағы орасан зор білімі мен қажымас күш-қайратын аянбай жұмсап келе жатқан азаматтар санатынан». Сұлтан Оразалиннің Еуропаның жекелеген елдерінің ірі де беделді ақпарат құралдарының әлемдік деңгейдегі басшыларын біріктіретін Телевизия және радио халықаралық академиясының академигі болып тағайындалуы да сол еселі еңбектің жемісі деу дұрыс болар. Айта кетерлігі, Қазақстанда бұл жоғары мәртебелі ұйымның академигі болып танылғандардың ұзын саны оншақты ғана.

Оразалиннің бұлайша «көсілуі» жайдан-жай емес деген ойдамын. Әкей бір кісіге риза болғанда «Жақсының атын ерттеген азамат екен» деп, үнемі айтып отыратын. Онысы, риза болған адамының тегінің асылдығын, оның туған жерінің топырағының құнарлылығын меңзегені болуы керек. Расында, тақыр жерге шөптің шығуы екіталай ғой. Сондықтан, әр адамның кіндік қаны тамған топырағы, өскен өлкесі, тәлім алған төңірегі, тәрбие үйренген ортасы, тек-тамыры болады. Ал, Сұлтан Шәріпұлы болса, ресми деректерге сүйенсек, қазақ аспанынан жарқырап шыққан жарық жұлдыздардың Үркердей ұлы шоғырында алдымен аталатын үш арыс, үш бәйтерек - Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген Шыңғыстаудың баурайындағы Семей атырабының Аягөз қаласында өмір есігін ашқан екен. С.Оразалиннің өзі дайындап басып шығарған «Абай елі» альбом-шежіресінде айтылғандай, бұл өңірде сондай-ақ Кеңгірбай, Өскенбай, Құнанбайдай даңқты билер сөз мәйегін ағызған, Нысан абыздай ақылман қария халқының қамын жеп күңіренген, елінің бостандығы үшін үзеңгіден қан кешіп, шыбын жанды шүберекке түйген Ақтанберді, Мамай, Тоқтамыс батырлар да өткен. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынов, Шоқан, Сұлтанмахмұт, Әміре, Қаныштай ұлы ғұламалар мен ақын-жазушы, әншілер өмірлерінің талай айлары мен күндерін кешкен. Мен осы бір киелі мекеннің аурасының ерекше бөлек екендігін, ұлы Абайдың 150 жылдығы шеңберінде «Ұлылыққа тағзым» атты тақырыппен ұйымдастырылған Ұлытау өңірінің бір топ азаматтарымен бірге «Семей-Жидебай» жаяу жорығына қатысқан кезде қатты сезінген едім. Мінеки осындай қасиетті топырақта бала Сұлтан бойына шапағат нұрын құйып, қиялына қанат бітіріп, көкірек көзін ашыпты. Қандай да бір байлыққа қызықпай, білімге ұмтылыпты және осы жолда жалықпай-талмай көп ізденуінің арқасында әйгілі Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, сөз қуатын өрнектейтін мамандықты нәсіп ету оның еншісіне бұйырыпты.

Қазақта «Маңдайы ашылып тұр екен» деген қанатты сөз бар. Әу бастан Оразалиңді дәуірдің үні мен жыры, сыры мен мұңы іспеттес болған Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов, Әбіш Кекілбаев, Сұлтан Сартаев, Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев тәрізді зиялы азаматтар іш тартып, мұның арты рухани үндестікке, шынайы достыққа ұласты. Олардың шапағатына бөленді, адалдықтың, тереңдіктің үлгісін көрді. Рухын шыңдап, парасат-пайымын нығайтты, шабытын шалқытты. Шығамын десе әлі де аяқ баспаған мұзарт шыңдар, жетемін десе қол артпаған биіктердің барына көзі жетті. Сол биіктерді еңсеру үшін тынымсыз еңбек етті, көлемді монография дайындап, «Отырардың күйреуі», «Үйлену», «Ақынның өлімі», «Қашқын» тәрізді көптеген телевизиялық пьесалар жазды, белгілі орыс жазушыларының повестер жинағы мен романдарын қазақ тіліне аударды, «Өнер» баспасына басшылық жасады. Қаламгерлікпен қатар саясаткерлікпен де айналысты әрі бұл салада да елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының Тілдер жөніндегі комитетінің төрағасы, Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары, Әділет министрлігіне қарасты Зияткерлікті қорғау комитетінің төрағасы, департамент директоры сияқты аса жауапты лауазымды қызметтер атқарып, елімізде тұрақтылықты, қазақ тілінің мерейін үстем етуге, әлеуметтік және ұлтаралық келісімді нығайтуға жұмыс жасады. Сөйтіп, кешегі бала Сұлтан бүгінгі дана Сұлтанға айналды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Кеңестер одағының баспасөз, телевизия және радио салаларының үздігі, Қазақстан журналистер одағының лауреаты тәрізді мәртебелі сый-сияпатқа ие болуы, «Парасат» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын барыс», Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Фемидаға адал қызметі үшін» белгілерімен марапатталуы соның айқын бір дәлелі.

Шу бойының сүлейі, «Құтты біліктей» рухани биік қазына иесі Жүсіп Баласағұн «Қадірлі кісі қартаймайды» деген екен. Сұлтекеңнің бүгінгі жасап жатқан тіршілігіне қарап отырсам, дәл осы сөз тура оған арнап айтылғандай. Олай болса, жазушы Сұлтан Оразалинге жаңа шығармашылық табыстар мен жетістіктер тілей отырып, менің осыдан он жыл бұрын ол кісіні алпысымен құттықтаған сәтінде айтқан сөзімді еске түсірсем, оның сөкеттігі жоқ секілді. Сонда Сұлтекеңе бағыттап, жан-жылуыңыз, қан-қызуыңыз, дария-көңіліңіз елім деп емірене, жерім деп жігерлене білетін азаматтарға дари берсін, ал мейірім шапағатыңыз құдай қосқан жан жарыңызға, сүйікті Дулатыңыз бен келініңізге, сүйкімді немерелеріңізге, туған-туысқандарыңызға тие берсін деп едім. Бұдан кейін де әр он жыл сайын осы жүрек-жарды тілектерді қайталап отыруға мен, мәселен, қарсы емеспін, Ылайым, бәрімізге сондай мүмкіндікті жазсын!

Соңғы жаңалықтар