Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Кадрлық ауыс-түйіс: жаңа қызметке келгендер кімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Бұл Жолдаудан кейін елімізде кадрлық ауыс-түйіс басталды. Жолдау барысында ел Президенті жаңа министрліктер құрылатынын хабарлады. Сөйтіп, министрліктер саны 21-ге жетті. Жаңадан құрылған минисрліктерді қоса алғанда, 10 министрліктің басшысы өзгерді. Сонымен қоса, тек Үкімет құрамы ғана емес, Президент әкімшілігі құрылымы да қайта жасақталды. Орталық мемлекеттік органдардағы маңызды кадрлық ауыс-түйіс туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолуында.

Кадрлық ауыс-түйіс: жаңа қызметке келгендер кімдер

Президент әкімшілігіндегі кадрлық ауыс-түйіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Президент Әкімшілігінде бірқатар ауыс-түйіс болды. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарлары лауазымдары жойылып, Президент Әкімшілігінің төрт бөлімі қысқарды. Ең алдымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде басқару құрылымының өзгеруіне байланысты бірқатар лауазым иесі қызметінен босатылды.

Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде басқару құрылымының өзгеруіне байланысты Тимур Сүлейменов ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен, Аида Балаева, Ержан Жиенбаев, Ернар Баспаев Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен, Ержан Қазыхан Президенттің халықаралық әріптестік жөніндегі арнайы өкілі қызметінен, Руслан Желдібай Президенттің баспасөз хатшысы қызметінен, Әсет Исекешев Президент көмекшісі қызметінен, Қанатбек Жайсанбаев Президент әкімшілігінің өтініштерді қабылдауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды.

Сондай-ақ, Президент жарлығымен Әуелі Ғизат Нұрдәулетов Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды. Руслан Желдібай – Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі, Ержан Қазыхан – Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Ержан Жиенбаев – Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымына тағайындалды. Ал, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы лауазымын Нұрмұхамед Байғараев атқарады.

5 министрлік құрылды: оларды кімдер басқарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде 5 министрлік жаңадан құрылды. Олар Су ресурстары және ирригация министрлігі, Көлік министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.


Мемлекет басшысының жарлығымен жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министр лігінің басшысы болып 56 жастағы Нұржан Нұржігітов тағайындалды. Ол осыған дейін Жамбыл облысын басқарған еді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Экология және табиғи ресурстар министрлігінен бөлініп шықты. Оған су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілді.

Көлік министрлігінің басшысы болып 36 жастағы Марат Қарабаев тағайындалды. Ол осыған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне басшы болып Аида Балаева тағайындалды. Бұл министр 2020-2022 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған. Былтыр 11 қаңтарда Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Туризм және спорт министрлігіне 2019 жылдан бері Ақмола облысын басқарған Ермек Маржықпаев келді. Еңбек жолын 1991 жылы Астанада мектепте дене шынықтыру мұғалiмi, бокстан жаттықтырушы болып бастаған ол енді спорт саласына жетекшілік етеді. Туризмге ерекше назар аудару мақсатында мәдениет пен ақпарат саласы бір министрлікке бірікті. Ал, Туризм мен спорт жеке министрлік болып қалды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалған Шарлапаев Қанат Бисимбайұлы Ресейдің, Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында білім алған. Министр лауазымына тағайындалғанға дейін «Бәйтерек» холдингін басқарған еді.

Лауазымынан босатылғандар кімдер

Осы тұста айта кету керек, Марат Қарабаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымынан, Дархан Қыдырәлі Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымынан, Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі лауазымынан, Зүлфия Сүлейменова Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылды.

Кадрлық ауыс-түйіс Премьер-министр Әлихан Смайылов пен оның орынбасарларын айналып өтті десек болады. Үкімет басшысы 2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін Қаржы министрі болса, 2019 жылғы 25 ақпанда Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. Ал 2021 жылы 18 қаңтарда осы қызметке қайта отырды. 2022 жылғы 11 қаңтарда және биыл 30 наурызда Премьер-министр лауазымына қайта тағайындалды. Қазіргі таңдаӘлихан Смайыловтың 6 орынбасары бар. Олар: Роман Скляр – премьер-министрдің бірінші орынбасары, Ғалымжан Қойшыбаев – премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы, Ерұлан Жамаубаев – премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі, Мұрат Нұртілеу – премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі, Серік Жұманғарин – премьер-министрдің орынбасары, Тамара Дүйсенова – премьер-министрдің орынбасары.

Саясаттауншы Данияр Әшімбаев Үкіметтегі ауыс-түйіс туралы өз пікірін білдірді. Оның сөзінше, Серік Жұманғарин мен Тамара Дүйсенованың министрліктерді басқарудан босатылып, жай ғана вице-премьер болуының практикалық себебі бар.

«Үкімет құрамындағы министрліктердің саны артуына байланысты оларға өздері жауапты саланың жұмысына көбірек көңіл бөлу қажет болып отыр.Саясаттағы салмағы елеулі тәжірибелі саясаткер, президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған Аида Балаева үкіметтегі ең басты идеологиялық ведомство болып жаңадан құрылған мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылығына келді», ​​- дейді саясаттанушы.

Оның пайымынша, Президент әкімшілігі мен Үкіметтің қайта құрылымдалуы Президенттің практикалық жұмыстың бәрін Үкіметке жүктеу туралы шешім қабылдағанын көрсетеді.

Жаңа тағайындаулар

Серік Жұманғарин бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары әрі сауда және интеграция министрі қызметін қоса атқарған еді. Президент жарлығымен ол Премьер-министрдің орынбасары қызметінде ғана қалды. Серік Жұманғариннің орнына Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрі болып тағайындалды. Ол бұған дейін Сауда және интеграция министрлігінде бірінші вице-министр қызметін атқарған еді.

Үкімет басшысы орынбасары лауазымын қатар атқарып жүргендердің бірі Тамара Дүйсенова да әріптесі Серік Жұманғариннің жолын қайталады. Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Тамара Дүйсенова бірінші лауазымында ғана қалды. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін бұрынғы әріптесі Светлана Жақыповаға босатып берді.

Ішкі істер министрлігіне де жаңа басшы келді. Ішкі істер министрі болған Марат Ахметжановтың орнын орынбасары Ержан Сәденов басты. Ержан Сәденов министр орынбасары болғанға дейін Астана қалалық полиция департаментіне басшылық жасаған. Ал, Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі қызметіне ауысты.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Айдарбек Сапаров Астанаға бұл жолы Ауыл шаруашылығы министрі болып оралды. Бұл қызметті осы уақытқа дейін атқарған Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысына әкім болып ауысты. Айдарбек Сейпілұлы өңір әкімі болып тағайындалғанға дейін Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі қызметін атқарған еді.

Экология министрлігінде де ауыс-түйіс болды. Зүлфия Сүлейменова қызметінен кетіп, орнына Ерлан Нысанбаев Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне тағайындалды. Ол 2014-2019 жылдары Ауыл шаруашылығы вице-министрі, 2019 жылдың шілдеден бастап қазірге дейін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарған.


Айта кетейік, қалған министрлер өзгеріссіз қалды. Олар: Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Әділет министрі Азамат Есқараев, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қызметтерін әрі қарай жалғастырады.