Кадрлық саясаттың күре тамыры - білікті, білімді, әдепті және еңбекқор қызметкерлер болады - Ә.Бәйменов

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Елбасының "Қазақстан-2050" стратегиясы қалыптасқан мемлкеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауын талқылау бойынша алғашқы онлайн-конференция өтті.

Кадрлық саясаттың күре тамыры - білікті, білімді, әдепті және еңбекқор қызметкерлер болады - Ә.Бәйменов

Конференция жұмысына академияның профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттары мен докторанттары, сонымен қатар ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметкерлері, Қазақстанның барлық облыстық орталықтарындағы, Өңірлік оқыту орталықтарының мемлекеттік қызметшілері мен өкілдері қатысты. Елбасының "Қазақстан-2050" стратегиясы қалыптасқан мемлкеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауы бағдарламалық құжаттың негізгі ережелерін түсіндіру бойынша ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бауыржан Байбек және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов баяндама жасады.

"Биылғы Жолдау тарихи ұзақ мерзімді қамтыған, ұзақ межені белгілеген жолдау. Сол Жолдауды насихаттау бойынша біздің академияның ұйымдастырып жатқан алғашқы шарасы жаңа технологияларды, жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, жүзеге асырылып жатыр. Бұл да бір Жолдаудың алғашқы кезеңдерден бастап, белгілі бір дайындыққа негізделгенін көрсетеді. Себебі, егемендіктің 20 жылында, соның ішінде «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асырған 15 жылда Қазақстан өзінің ішкі әлеуетін пайдаланып, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып және де Елбасының белгілеген басымдықтарын алға қоя отырып, 7 бағыт бойынша да үлкен жетістіктерге жетті. Бұл жетістіктер жаңа биіктердің тұғыры болмақ. Бүгінгі шара 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясының негізгі басымдықтарын түсіндіруге бағытталған", - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасының Әлихан Бәйменов.

«Кадрлық саясатта негізгі бағыт - ең лайықты азаматтар білігіне, біліміне, әдептілігіне және еңбекқорлығы мен қазақстандық патриотизміне қарап, құрылады. Олардың мансабы жоғарылап, сатылап өсуі керек. Осы кадрлық саясаттың күре тамыры болады", - деп атап өтті ол.