Қағаз құжат айналымын автоматтандырып, цифрлық елміз деуге болмайды — Әсел Жанасова
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік органдар уақытының 90 пайызын сауалдарға жауап беруге емес, сараптамалық жұмыстарға жұмсауы тиіс.

Бұл туралы Taldau Talks подкастында «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова айтты.
— Қағаз құжат айналымын автоматтандырып, цифрлық елміз деуге болмайды. Біз менталды өзгеруге тиіспіз. Иә, мемлекеттік қызметтерді автоматтандырғанымыз өте жақсы. Бірақ үкімет ақылды болуы тиіс, адам бармауы қажет. Англияда тұрғанымда ешқайда бармайтынмын. Invisible Government, яғни байқалмайтын үкімет үнемі болатын. Ол сіз үшін бәрін істейді. Қандай да бір анықтама алу қажеттігін ойламайсыз. Босанғаннан кейін есепшот ашуға баруыңыз қажет. Не үшін? Базада босанғаным, балам бар екені көрініп тұр ғой. Демек, автоматты түрде есепшот ашылып, ақша аударылуы керек, — деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдар арасында бір-біріне сұрау салу өте көп. Оларды қысқартқан жөн.
— Уақытымыздың 90 пайызын сауалдарға жауап бергеннен гөрі сол уақытты зияткерлік жұмысқа, сараптамаға жұмсауымыз қажет, — деді Әсел Жанасова.
Айта кетейік, Taldau Talks — Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізетін ашық диалог алаңы. Онда ел дамуына қатысты маңызды мәселелер және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру жолдары талқыланады. Бұл жолғы шығарылым Қазақстанда цифрландыру және жасанды интелектіні дамыту тақырыбына арналды.
Осыған дейін Арсен Томский Қазақстанға цифрлық тәуелсіздік жайын ойлануға кеңес берді.