Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Күніне 30 заңбұзушылық анықталады: санитариялық бақылау цифрлық форматқа көшті

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық платформа енгізілгенге дейін санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары ондаған түрлі қағаз есепті қолмен дайындайтын.

врачи
Фото: ҚР ПІБ

Ақпаратты жинау және талдамалық есептерді әзірлеу үш күннен екі аптаға дейін уақыт алатын, ал бақылаудағы нысандар, медициналық тексерулер мен вакцинациялау бойынша толық мәлімет болмаған.

Бүгінде бұл үдерістер толықтай автоматтандырылған, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Ақпараттық жүйеде мемлекеттік бақылаудағы 202 мың нысан туралы мәлімет цифрландырылып, 198 мың пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 114 мыңы – бизнес өкілдері, соның ішінде медициналық ұйымдар.

Жаңа жүйенің басты артықшылықтарының бірі – кәсіпкердің жеке кабинеті.

Енді кәсіпорындар мәліметтерді қашықтан жолдап, санитариялық дәрігерлердің ұсынымдарын алып, бақылау нәтижелерін қадағалап, анықталған бұзушылықтарды уақытылы жоя алады.

Сондай-ақ бизнеске бұрынғыдай бір құжатты қайта-қайта ұсынудың қажеті жоқ. Мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияның арқасында ақпараттың едәуір бөлігі автоматты түрде алынады.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүйе арқылы өндірістік бақылау бойынша 13 562 есеп қабылданды.

Автоматты талдау нәтижесінде 4 777 бұзушылық анықталып, 470 нысан ешқандай субъективті араласусыз, тек қауіптерді басқару жүйесінің негізінде мемлекеттік бақылау жоспарына енгізілді.

Сонымен қатар цифрлық платформа күн сайын 5-тен 30-ға дейін жарамдылық мерзімі өткен медициналық кітапшаларды, рұқсат беру құжаттарының жоқтығын және ұсынылмаған есептілікті анықтап, тексеру жүргізілгенге дейін-ақ заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Құжаттарды қайта ұсыну қажеттілігін болдырмау үшін жүйе сегіз мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Ал Бас прокуратураның тексерулерді тіркеу жүйесімен интеграциялау жұмыстары аяқталу сатысында.

Осыған дейін медициналық қызметтер жарнамасына талап қатаңдайтыны туралы жаздық.