Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қағазсыз «қайым айтыс»: Партиялардың командалық пікірталасы қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Құрылтай сайлауы науқаны аясында саяси партиялардың қатысуымен үш теледебат өтті. Соңғысын күні кеше Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінен тамашаладық. Байқағанымыз, әрбір пікірталас сайын партиялардың электоратпен жұмысы, халықтың саяси мәдениеті ширап келе жатқандай. Мұны сауалнама қорытындысынан да аңғару қиын емес. Осы орайда Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге теледебаттың саяси-қоғамдық әсерін талдады.

Дебаты на Jibek Joly: момент истины для партий и новая электоральная культура Казахстана
Фото: Kazinform

Бәсеке мен бағдарлама

Көбіне мәлім, алайда айта кетейік, 23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауында жеті саяси партия бақ сынамақ. Олардың ішінде «Әділет» партиясы, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» партиясы, Respublica партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Байтақ» партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бар. Үгіт-насихат кезеңі басталғалы партиялар ауыл-елді аралап, ауқымды мақсаттарын бұқараға жеткізуде. Кей тұста бір-бірінің кем-кетігін айтып, ұпай жинаудың ауанына жығылғанын да көрдік. Мұндай қызу бәсеке теледебаттарда тыс қалмады.

Сонымен, Jibek Joly телеарнасындағы дебаттың басты ерекшелігі, пікірталас командалық форматта өтті, яғни әр саяси партиядан екі спикерден келген:

* «Ақ жол» партиясынан — Бек-Мұхамед Жәукебаев, Ермек Әбілдин;

* Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан — Лариса Ли, Нұрайнаш Камалова;

* «Әділет» партиясынан — Айжан Аймағанова, Мәди Мырзағараев;

* Қазақстанның Халық партиясынан — Жандос Бидайбеков, Ирина Смирнова;

* «Ауыл» партиясынан — Жазира Сұлтанқұлова, Ерболат Саурықов;

* «Байтақ» партиясынан — Амалбек Өміртай, Алмат Тұртаев;

* Respublica партиясынан — Олжас Құспеков, Динара Шүкіжанова қатысты.

Семь партий, одна сцена: что показали первые командные дебаты на Jibek Joly
Фото: Kazinform

4 раундтан тұратын теледебатта белгіленген регламенттің сақталуы қатаң бақыланғанын айта кету керек. Бірінші кезеңде спикерлер партияның негізгі басымдықтары мен нақты ұсыныстарын таныстырса, екінші кезеңде көрермен мен журналистердің сауалына жауап берді. Ал үшінші кезеңде әр партия өз таңдауы бойынша өзге партияға сұрақ қойіп, шешуші раундта Құрылтайға өткен жағдайда қандай уәде беретінін айтты.

Нағыз талқы үшінші кезеңде байқалғандай. Бұл кезеңде партиялар бір-бірін сынап, саяси шоу жасауға тырысты. Мысалы, «Ақ жол» партиясының өкілдері «ауылдықтарға» малды чиптеудің талабын жеңілдету туралы сұрақ қойып, жауапқа толық қанағаттанбағанын байқатты. Ал ЖСДП тарапынан Respublica партиясына қойылған сұрақ жеке меншік құқығы туралы қызу пікірталасқа ұласты.

«Әділет» партиясы да қалыс қалмады. Партия өкілдері ЖСДП-ға халық қауіпсіздігі турасындағы заңға қатысты сауал беріп, артынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ал Қазақстан Халық партиясы мен «Әділет» партиясы арасында мемлекет жауапкершілігі турасында ой өрбіді.

«Ауыл» партиясының таңдауы «Байтақ» жасылдар партиясына түскен. «Ауылдықтар» қарсыластың сайлауалды бағдарламасын сынға алып, экологиядан басқа мәселеге де басымдық беру керегін меңзеген еді. Ал «Байтақ» партиясы Қазақстан Халық партиясының тарихындағы коммунистік жолды айтып, «түйреп» өтті.

Кезек соңында «Respublica» партиясы сұрақ қою мүмкіндігін пайдаланып «Ақ жол» партиясын «нысанаға» алды. Олар «Ақ жолдықтарды» бизнестің мүддесін қорғайтын маңызды сәттерде Үкіметпен ымыраласып кетеді деп сынаған.

Семь партий, одна сцена: что показали первые командные дебаты на Jibek Joly
Фото: Kazinform

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилланың айтуынша, ашық дебаттар саяси күресті жалаң ұран мен имидждік жарнамадан нақты аргументтер мен мағыналық дискуссия деңгейіне көтерді.

— Дебаттар партиялардың шынайы компетенциясы мен стратегиялық әлеуетін айқындайтын «интеллектуал сүзгі» рөлін атқарып отыр. Осындай тұнық дискуссия қоғамда мәдениетті диалог үлгісін қалыптастырып, әртүрлі пікірдің болғаны іріткі емес, дамудың түптамыры екенін көрсетеді. Сонымен қатар ашық дебаттар саяси күштердің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады деуге де толық негіз бар, — дейді Нұрдәулет Затилла.

Оның айтуынша, саясаткерлердің өткір пікір білдіруінің себебі бәсекеде жатыр. Қазір партиялар арасында бәсеке жоғары, сондықтан халықтың көкейіндегі мәселені көтеру, шешімін ұсыну маңызды болып отыр.

— Биыл бәсеке деңгейі айтарлықтай жоғары. Құрылтайдағы 145 мандатқа 7 саяси партиядан 545 кандидат қатысып жатыр, яғни бір орынға орташа есеппен 3,8 адамнан келеді деген сөз. Негізгі бәсеке жеке кандидаттардың медиалық танымалдылығынан жүйелі бағдарламалар мен командалар тартысына ауысты. Тіпті идеологиялық жағынан жақын партиялар арасында да қызу тартыс болғанын байқадық, — деп толықтырды сарапшы.

Теледебат саяси мәдениетке қалай әсер етті?

Дегенмен партиялардың ашық пікірталасқа ұмтылуы әрі әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы ұстанымын жеткізуі тек саяси ұпай жинау әдісі десек, қате болар. Мамандар мұның әлеуметтік астары барын айтып отыр, яғни қоғамның ақпаратты қабылдау тәсілі, медиа трендтердің өзгеруі — партияларды теледебат алаңына әкелген бірден-бір себеп.

Семь партий, одна сцена: что показали первые командные дебаты на Jibek Joly
Фото: Kazinform

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев теледебатсыз үгіт-насихат нәтижесі кемшін болар еді деп топшылайды.

— Партиялардың электоратпен жұмыс жасауда теледебат әдісін қолдануы оң әсер беріп келеді.

Біріншіден, ашық пікірталастарды көрген халықтың саяси мәдениеті, танымы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, партиялар тек бағдарламасын таныстырып қоймайды, болашақ дауыс берушіні «тәрбиелейді».

Екіншіден, халық визуал ақпаратты қабылдағанды жөн көреді. Көбіне 20-30 беттік мәтінді оқығаннан теледебаттан ақпарат алу жеңіл. Ұзақ мәтінді ықшам әрі түсінікті жеткізе алса, үміткер партияға да, халыққа да тиімді, — дейді Нұрболат Нышанбаев.

Кейінгі бірнеше жылда партиялардың халықпен етене жақындасуы, ел арасында саяси белсенділікке үндеуі жеміс беріп келеді. Мысал ретінде сайлау мен референдумға қатысушылар санын алайық. 2023 жылы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауына дауыс беруге құқылы азаматтардың 54,19% қатысса, 2024 жылы АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумға халықтың 63,6%-ы, биыл жаңа Конституция бойынша республикалық референдумға 73,24%-ы қатысты.

Жалпы жыл санап ел тұрғындарының сайлау процестеріне қатысу белсенділігі артып келеді. Еуразиялық интеграция институты жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесіне сүйенсек, сауалнамаға қатысқандардың 78,2%-ы сайлау мен референдумдарға қатысатынын айтқан.

Халық таңдауы қалай қалыптасады?

Партиялар мұндай саяси белсенділікті теледебаттың үшінші — сұрақ-жауап кезеңінде ұтымды пайдаланды әрі халықпен кері байланыс орната білгенін байқадық. Бастысы, партия өкілдері дайын мәтінге сүйенбей, журналистердің заң үстемдігі, алимент төлемі, ақшалай кепіл арқылы бостандыққа шығу, жалған ақпарат тарату, вандализм, экономикалық бағдарға қатысты сауалдарына жауап берді.

Тікелей эфир барысында азаматтар партияларға WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы сауал қоюға мүмкіндік алды. Оның ішінде: Respublica партиясына — лудоманиямен күрес, «Әділет» партиясына — айыппұл, «Ауыл» партиясына — заң үстемдігін нығайту жолы, Қазақстан Халық партиясына — полицияға деген халық сенімін көтеру мәселесіне қатысты сұрақ түскен. Ал ЖСДП-ға — Мәжілістегі белсенділік, «Байтақ» партиясына — жол қауіпсіздігі, «Ақ жол» партиясына — кәсіпкерлер мүддесін қорғауға қатысты сауалдар қойылды.

Семь партий, одна сцена: что показали первые командные дебаты на Jibek Joly
Фото: Kazinform

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбаевтың пікірінше, қатысушылардың барлық сауалға нанымды әрі ашық жауап беруі сайлаушылардың сенімін күшейтеді. Оған қоса партиялардың алдағы рейтингіне де әсер етуі мүмкін.

— Кейінгі он жылда қалыптасқан дәстүр бар: партиялар арасында үлкен алшақтық болатын. 2005 жылғы, тіпті бұған дейінгі сайлауларда көшбасшы партия басым дауысқа ие болатын. Өзге бір-екі партия ғана Парламентке өтетін. Бұл жолы мұндай дәстүрден ұзап, баланс орнап келе жатқандай, — деп қосты сарапшы. 

Расында, халық партиялардың әр сөзін қалт жібермей бағалап отыр. Бүгінге дейін өткен теледебаттарда көрермен партиялардың берген уәдесіне, сауалдарға қайтарған жауаптарына өз бағасын беріп келді. Мәселен, Jibek Joly телеарнасындағы дебат кезінде көрерменге: «Қай партия командасының сөзі өтімді?» — деген сауал қойылды. Көрермен экранда көрсетілген QR-код арқылы дауыс берді. 2 сағатқа жуық аралықта сауалнамаға 165 153 көрермен қатысты.

Онлайн сауалнама нәтижесі:

  • «Әділет» партиясы — 60,6%
  • «Ауыл» партиясы — 15,1%
  • Respublica партиясы — 10,2%
  • ЖСДП — 3,9%
  • «Ақ жол» партиясы — 3,5%
  • Қазақстан Халық партиясы — 3,3%
  • «Байтақ» партиясы — 2,7%
  • «Ешқайсысын қолдамаймын» — 0,7%.

Ескеретін жайт, халықтың бұған дейін өткен теледебаттар туралы пікірі әрқилы. Qazaqstan ұлттық телеарнасы, «Жетінші арнада» өткен пікірталасқа берілген баға Jibek Joly телеарнасында өткен дебаттағы көрсеткіштен өзгеше.

Сарапшылардың айтуынша, электораттың белсенділігі ғана емес, бағалау көрсеткіші де өзгерген, яғни азаматтар партиялардың ұстанымды қалай жеткізгеніне, пікірталасқа дайындық барысын объективті бағалауға көшкен.

— Кейінгі жылдары жүргізілген жүйелі саяси модернизация, реформалардың сабақтастығы, партиялар қатарының жаңаруы мен сайлау ережелерінің ашықтығы ықпал етті деуге негіз бар. Бұл халықтың саяси белсенділігінің жоғарылағанын және халықтың мемлекеттік институттарға деген сыни көзқарасын білдіреді, — дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилла.

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев та осы пікірді қостайды. Оның сөзінше, халық пікірінің құбылуы — заңды құбылыс. Оның үстіне мемлекет ұстанған ішкі саясаттың оң әсер беруі деп түсінетінін айтты.

— Халықтың саяси белсенділігі мен талабына Президенттің ұсынған «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамалары ықпал етті. Аталған концепциялар тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде нәтиже бере бастады. Халық әділдікті, теңдікті талап етіп, болашақ жоспардың шынайылығына қарап таңдау жасауды үйренді, — деп түйіндеді сарапшы.

Jibek Joly эфиріндегі теледебат жай ғана сөз жарысы емес, нақты идея майданына айналды. Спикерлердің өткір уәждері мен тосын сұрақтары ел дамуының ең өзекті тұстарын ашып көрсетті деуге болады. Ендігі таңдау — көрермен мен сайлаушының еншісінде.